Тоқаев Германияға қандай әріптестік ұсынды?

29.09.2026 • 12:53 Әсел МҰРАТ
Тоқаев Германияға қандай әріптестік ұсынды?
140
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Handelsblatt басылымына мақала жариялап, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға бағытталған ұсыныстарын тізіп шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығы тек сауда-саттықпен шектелмей, маңызды минералдарды бірлесіп игеру, оларды өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістер құру бағытында дамуы қажет екенін атап өтті.

Қазақстанда Еуропаға қажет 21 түрлі шикізат өндіріледі

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттың 34 түрінің 21-ін өндіреді. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар.

Президент Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас отыз жылдан астам уақыт ішінде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

«Экономикадағыдай саясатта да сенім – бұл капитал, ал сенімділік – оның ең жоғары формасы. Халықаралық турбуленттілік күшейген кезеңде мұндай қарым-қатынас ерекше құндылыққа ие», – деп жазды Тоқаев.

Оның пікірінше, екі ел арасындағы өзара сенім, саяси диалог және уағдаластықтарды жүйелі түрде жүзеге асыру стратегиялық серіктестіктің берік негізін қалыптастырған.

Президент Германияны Қазақстан тек сауда серіктесі немесе инвестор ретінде қарастырмайтынын айтты. Екі елдің ортақ экономикалық мүдделері бар, ал олардың ынтымақтастығы Еуропа мен Азия арасындағы байланыстар тұрғысынан да маңызды бола түскен.

Тоқаев Қазақстанда 200 мыңнан астам этникалық неміс, ал Германияда Қазақстаннан барған миллионнан астам адам тұратынын атап өтті. Оның сөзінше, тарихи және мәдени байланыстар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі.

Екі елдің саудасы 9 миллиард долларға жуықтады

Мемлекет басшысы Германияға қазіргі сапарын екі ел ынтымақтастығының жаңа бағыттарын айқындайтын маңызды мүмкіндік ретінде бағалады.

2025 жылы Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 9 миллиард долларға жуықтаған. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Тоқаев ендігі міндет тек сауда көлемін арттыру емес, Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім өндірісін жолға қою екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Германия нарығына өңделген өнімнің 80-нен астам жаңа түрін жеткізе алады. Перспективалы бағыттардың қатарында металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол машина жасау салалары аталды.

Қазақстан шикізат жеткізуден өндірістік тізбек құруға көшпек

Мақалада маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған. Тоқаев Қазақстанның неміс компанияларына тек шикізатты тұрақты жеткізуді ғана емес, геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті бірлесіп құруды ұсынатынын жазды.

Бұл ретте өндіру, өңдеу, компоненттер жасау және материалдарды қайта пайдалану кезеңдері де қамтылмақ.

Энергетика саласы да екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Қазақстан Еуропаға энергия ресурстарын жеткізетін тұрақты серіктес ретінде қарастырылады.

Тоқаевтың мәліметінше, Қазақстан Еуропалық Одақтың мұнай импортының шамамен 13 пайызын және табиғи уран жеткізілімінің 20 пайызын қамтамасыз етеді. 2025 жылы Германияға Қазақстан мұнайының экспорты 10 миллион тоннадан асқан.

Президент жаңартылатын энергетика, электр желілерін жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру бағыттарында да бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Транскаспий бағыты жаңа мүмкіндіктер ашады

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталды.Қазақстан Қытай мен Еуропаны байланыстыратын негізгі құрлықтық бағыттардың біріне айналып келеді. Президенттің мәліметінше, екі өңір арасындағы құрлықтық жүк транзитінің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңызын атап өтті. Биылғы алғашқы сегіз айда бұл бағыттағы тасымал көлемі 22 пайызға, ал Шығыс–Батыс бағытындағы транзит 55 пайызға өскен.

Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірді Каспий порттарымен тікелей байланыстырып, Қытай мен Еуропа арасындағы бағытты шамамен 1 мың шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді.

Президент Германия бизнесін Қазақстан арқылы өтетін әуе жүк тасымалына тарту және елде әуе хабтарын дамыту мәселесін де перспективалы бағыттардың бірі ретінде атады.

Жасанды интеллект пен кадр даярлау да назарда

Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда сауда мен өндірістің дамуын деректер алмасу және білікті мамандар даярлау мәселелерінен бөлек қарастыру мүмкін емес.

«Білікті мамандарсыз ешбір стратегия табысты болмайды. Серіктестігіміздің болашағы – герман стандарттары бойынша білім алған және сол білімін бірлескен кәсіпорындарда қолданып жүрген жас қазақстандық инженердің бейнесі іспетті», – деді Президент.

Мемлекет басшысы инвестициялық шешімдердің де ұзақ мерзімді көзқарасты қажет ететінін айтып, бұл бағытта мемлекеттік институттарға деген сенім маңызды фактор екенін атап өтті.

Тоқаев Қазақстанның 2019 жылдан бері саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар арқылы осы негіздерді жүйелі түрде нығайтып келе жатқанын жазды.

Сыртқы саясатта Қазақстан өзара құрметке, мемлекеттердің егемендік теңдігіне және халықаралық құқық қағидаттарын сақтауға негізделген теңгерімді әрі прагматикалық бағыт ұстанатынын атап өтті.

Президент мақаласын немістің «Einigkeit macht stark» – «Күш – бірлікте» деген мақалымен түйіндеді.

«Өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте отырып, Қазақстан мен Германия Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен өркендеу кеңістігін бірге нығайта түсетініне сенімдімін», – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, 28 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды. Сапар барысында Берлинде Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық канцлер Фридрих Мерцпен келіссөздер өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Мюнхенге барып, Берлинде бизнес-форумға, ал Мюнхенде технологиялық бизнес-форумға қатысады. Сондай-ақ бірқатар екіжақты кездесу өткізеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий