Астанада кәріз жүйесінен шала туған шақалақ табылды

15.07.2026 16:35 Әсел МҰРАТ
Астанада кәріз жүйесінен шала туған шақалақ табылды
236
Фото: ашық дереккөз

Астанада тұрғын үйлердің бірінің ортақ кәріз жүйесінен жүктіліктің алтыншы айында шала туған шақалақ табылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Жазба авторының мәліметінше, үйдің маңындағы қонақүйлердің біріне келген әйел нөмірде босанып, кейін нәрестені ортақ кәріз жүйесіне тастаған болуы мүмкін. Оның айтуынша, әңгіме алты айлық тірі қыз бала туралы болып отыр.

Астана қаласының Полиция департаменті "Алматы" ауданының Полиция басқармасы бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын растады.

Полицияның хабарлауынша, қылмыстық іс аясында қажетті тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп, тиісті сот сараптамалары тағайындалған. Сондай-ақ аталған құқық бұзушылыққа қатысы бар адам анықталған.

UPD: 

«Полиция қызметкерлерінің тексеруі барысында биылғы жылдың басынан бері аталған қонақүйден «102» арнасына 19 хабарлама түскені анықталды. Тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, ал қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, бұған дейін осы қонақүйде бала шаранасының (ұрығының) табылу фактісі тіркелген болатын. Аталған факті бойынша 29 жастағы әйел ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жол берілген құқық бұзушылықтарға байланысты қонақүй иесіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес, қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыным енгізілді.

Бұл аумақ учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауында. Құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі, тексерулер, сондай-ақ қонақүй әкімшілігімен және онда тұратын азаматтармен профилактикалық әңгімелесулер жүзеге асырылады. Барлық қажетті ден қою шаралары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес қабылдануда», — деп хабарлады Астана қаласының ПД.

Войдите, чтобы оставить комментарий