Астанада танымал ЖОО-да сабақ берген өзбек ғалымы тыңшы ретінде ұсталды: университет басшылығы не дейді

27.08.2026 16:02 Әсел МҰРАТ
Астанада танымал ЖОО-да сабақ берген өзбек ғалымы тыңшы ретінде ұсталды: университет басшылығы не дейді
293
Фото: mnu.kz

Желіде Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев университетінде сабақ беретін 46 жастағы Өзбекстан азаматы Иқболжон Қорабоев тыңшылық бабымен қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

BBC агенттігінің өзбек қызметі хабарлауынша, ұсталған азаматтың туыстары оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша айып тағылғанын айтады. 

Бұл бап «шетелдік мемлекет немесе ұйым мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау әрекеттерін» қамтиды. 

Сонымен қатар заңда шетелдіктердің Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де мәліметтермен осындай әрекеттер жасауы көрсетілген.

Тілшіміз осы оқиғаға қатысты Мақсұт Нәрікбаев университетіне ресми сауал жолдады.

Оқу орнының баспасөз қызметі Икболжон Корабоевтің қазіргі уақытта университеттің профессоры емес екенін хабарлады.

«Maqsut Narikbayev University (MNU) Икболжон Корабоевтің қазіргі уақытта біздің университеттің профессоры емес екенін хабарлайды. Оның ұсталғанына қатысты өзге де ақпарат алу үшін құзыретті органдарға жүгінулеріңізді сұраймыз», - делінген университет жауабында.

Істің мән-жайын білу үшін редакция ҰҚК-ға сауал жолдады. Әзірге ресми жауап берілген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий