"Астанадан Катарға дейін". Алмаз Мержақыпов сталкинг жасаған гей жігіт туралы айтты

11.08.2026 16:30 Томирис САҒЫНДЫҚ
60
Фото: instagram.com/mvsstoi

Танымал қазақстандық актер, модель әрі блогер Алмаз Мержақыпов өзін ұзақ уақыт бойы өкшелеп, соңынан қалмай қойған танысы туралы айтып берді. Оның сөзінше, қарапайым диалогтан басталған қарым-қатынас кейіннен жеке шекараны бұзуға ұласқан. Актер басынан өткен бұл оқиғасын бөлісе отырып, мұндай жағдайлардың қауіптілігіне назар аудартады, деп хабарлайды Politico.kz.

Алмаз Мержақыпов бұл туралы «Замандас» подкастында айтты.

«Өмірде ыңғайсыз жағдайлар болып тұрады. Бірде мені бір жігіт әбден өкшелеп, соңымнан қалмай қойды. Оқиға бұлай басталған еді: бұл Қытайға бармай тұрған кез болатын. Мен Астанаға барғанымда, маған бір жігіт хабарлама жазды. Негізі ол бұған дейін де ұзақ уақыт бойы жазып жүрген. Мен Астанаға келгенде: «Астанаға келіпсің ғой, кездесейікші», – деп қайта жазды. Бастапқыда «Танымайтын адамыммен кездескенім оқыс емес пе?» деп ойлап, жауап бермей жүрдім. Ол кезде Астанада асығыс шаруаларым болмады, достарыммен кездесуге келген едім. Бірде бос тұрған бір жарым сағаттай уақытым пайда болды. Содан: «Бір ер адам екінші ер адамға жазса, несі бар екен? Мен неге сонша тар ойлаймын? Оpen-minded болуым керек қой», – деп өзімді иландырдым да, оған: «Жақсы, кездесейік, қайда барамыз?» – деп жаздым. Ол кофе немесе сыра ішуді ұсынды. Сонымен, бір жерде отырып әңгімелестік», – деді Алмаз Мержақыпов.

Алғашқы жүздесуден кейін байланыс үзілді деп ойлаған модель кейіннен шетелде жұмыс істеп жүргенде әлгі танысының қайтадан байланысқа шыққанын жеткізді. Ол өзінің жұмыс барысындағы видеоларын желіге жүктеген кезде азамат тарапынан қайта хабарламалар түсе бастаған.

«Қарап тұрсаң, қарапайым азамат: банкте жұмыс істейді, маған өз өмірін, саяхаттарын айтып берді. Мен ол кезде тек Грузияда болған едім, басқа жаққа шығып көрмегенмін. Содан саяхат туралы ашық-жарқын әңгімелестік. Ол сәтте өзімді орынсыз күдіктенгенім үшін іштей сөгіп те қойдым. Әңгімеміз аяқталған соң: «Жақсы, кездескенше!» – десіп тарастық. Өте жақсы отырыс болды, мен оған алғысымды айтып, достарыма кеттім. Осымен барлығы аяқталды, ұмыттым деп ойлағанмын. Кейінірек келісімшартпен Қытайға сән үлгісі саласы бойынша жұмысқа кеттім. Түсірілімдер, түрлі жоба басталды. Мен әлеуметтік желіге сахна артындағы видеоларды жиі жүктеп тұратынмын. Сол кезде әлгі жігіт маған қайтадан: «Әдемісің», – деп жаза бастады», – деді модель.

Алмаз Мержақыпов бастапқыда түскен хабарламаларға жай ғана реакция білдіріп жүргенін, алайда уақыт өте келе олардың сипаты өзгеріп, әдепсіздікке ұласқанын жеткізді. Жеке шекараны бұзған әрекеттерден кейін ол бұл байланысты тоқтатып, желіде бұғаттағанын баяндады.

«Бастапқыда «Адамдарға кең көзқараспен қарау керек қой» деп, жай ғана реакция басып қоятынмын. Бірақ бара-бара оның жазғандары түрленіп, тіпті оғаш бола бастады. Соңында ол мүлдем шектен шыққан хабарлама жіберді. Мен оған: «Тыңдашы, мен гомофоб емеспін. Бірақ мұндай хабарламаларды, мәселен, қыз балаға жазсам да бұл әдепсіздік әрі шектен шығушылық болып саналады. Мұның дұрыс емес. Жаңадан өсіп келе жатқан жас бала емессің, ересек адамсың, сондықтан адамдарға бұлай жазуды қой», – деп түсіндіруге тырыстым. Алайда оның мүлдем ұқпай тұрғанын байқадым. Онымен кездескенде бәрі қалыпты сияқты еді, мына қылығын көріп, мүлдем танымай қалдым. Осыдан кейін оны барлық жерде бұғаттап, қарым-қатынасты үздім», – деді Алмаз Мержақыпов.

Тікелей байланыс пен хабарламалар тоқтатылғанымен, бұл оқиға шетелде де қайталанған. Инфлюенсер Катардағы демалысы кезінде әлгі азаматтың өзі отырған мекемеге кіріп келгенін көріп, ыңғайсыз жағдайды ушықтырмау үшін бірден кетіп қалғанын баяндады.

«Арада біршама уақыт өтті. Мен Катарда Трэвис Скоттың концертіне бардым. Демалып, бір бар тәрізді мекемеде компаниямен отырғанбыз. Ал әлгі жігіт маған дейін WhatsApp арқылы: «Сен де Трэвистің концертіне бара жатырсың ба?» – деп жазған еді, мен әлеуметтік желіге видео жүктеген болатынмын. Мен оны тағы да бұғаттап тастаған едім. Сол мекемеде жайбарақат отырғанымда, баяу қозғалыстағы сияқты әлгі жігіттің ішке кіріп келе жатқанын көрдім. Жағымсыз әрі оқыс сезім болды. Мен бірден орнымнан тұрдым да, шығып кеттім. Содан кейін оны ешқашан көрген емеспін. Сонда ойлаймын: қыздар дәл осындай жағдайға тап болғанда қандай сезімде болады екен?! Елестетіп көріңізші...» – деді инфлюенсер.

Войдите, чтобы оставить комментарий