«Асты да той қылып жібердік»: блогер той мен астағы ысырапшылдықты сынға алды
Танымал блогер Мөлдір Анарбаева әлеуметтік желіде арнайы видеоүндеу жариялап, еліміздегі той-томалақ пен қаралы жиындардағы орынсыз ысырапшылық пен даңғазалықты ашық сынады, деп хабарлайды Politico.kz
Блогердің пайымдауынша, соңғы уақытта қуанышты сәттер ғана емес, қайғылы жағдайда берілетін ас та өзара бәсекелестік алаңына айналып барады. Ол қайтыс болған жандарды еске алу рәсімінде ән айтылып, көңіл көтеруге ұласатын әрекеттердің көбейіп кеткеніне қынжылды.
"Тойдағы артық дүниелерді азайтайықшы деп қақсап жатсақ та, біз жақта одан әрі көбейтіп жатыр. Той ғана емес, асты да той қылып жіберіп жатыр. Қайтыс болған адамның асында ән салып жатыр. Сонда біз содан не тауып жатырмыз? Неден рақат іздеп кеттік? Осы қаншалықты дұрыс, айналайын халқым?", – деді Мөлдір Анарбаева.
Сонымен қатар блогер кішкентай баланың асында ұзақ-сонар сөз сөйлеп, салтанатты жиын секілді өткізу үрдісін де айыптап, мұндай жағдайлардың қоғам үшін үлкен ұят екенін алға тартты.
Желі қолданушыларының басым бөлігі бұл пікірді бірден қолдап әкетті. Оқырмандар да қаралы жиындардағы орынсыз шашылу мен даңғазалықты заңмен немесе қоғамдық айыптаумен тоқтату уақыты жеткенін жарыса жазып жатыр.
Соңғы жаңалықтар