Аттан құлап бір айдай комада жатқан әйел көз жұмды
Ақмола облысындағы қала сыртындағы ат-спорт клубында аттан құлаған 33 жастағы елордалық келіншек ауруханада көз жұмды. Ол бір айға жуық уақыт бойы терең комада жатқан, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға шілде айында Астана қаласының іргесінде орналасқан «Атлант» клубында болған. Куәгерлер мен жақындарының сөзіне қарағанда, Жазира есімді жәбірленушінің атқа міну тәжірибесі жақсы болған. Ол серуен кезінде жануарды басқара алмай қалып, оны тоқтата алмаған. Салдарынан келіншек аттан өте қатты құлап, өмірге қауіп төндіретін ауыр жарақат алған.
Зардап шеккен азаматша шұғыл түрде Астана қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер оның жарақаты өте ауыр екенін анықтаған. Содан кейін науқас терең комаға түсіп кеткен. Ол есін жимастан 13 тамызда қайтыс болды.
Бұл жағдайға қатысты Ақмола облыстық полиция департаменті түсінік берді.
«Астана қаласы тұрғынының аттан құлауына байланысты биыл 6 шілдеде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға Целиноград ауданының аумағында орналасқан ат клубтарының бірінде болған. Биыл 13 тамызда жәбірленуші алған жарақаттарынан қайтыс болды. Осыған байланысты қылмыстық іс қайта сараланатын болады. Тергеу жалғасып жатыр, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп мәлімдеді полициядан тілшімізге.
Соңғы жаңалықтар