Атырауда интернат оқушысы аяусыз соққыға жығылды: анасы кінәлілердің жазалануын талап етті

16.07.2026 12:28 Әсел МҰРАТ
Атырауда интернат оқушысы аяусыз соққыға жығылды: анасы кінәлілердің жазалануын талап етті
189
Фото: видеодан скрин

Атыраудағы мектеп-интернатта білім алатын 4-сынып оқушысына қатысты жағдай қоғам назарын аударды. Оқушының туыстары Рамазан Бисенғалидің жоғары сыныптағы балалардың әлімжеттігіне ұшырап, басынан ауыр жарақат алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Жақындарының айтуынша, оқиғадан кейін баланың денсаулығы күрт нашарлаған. Ол түнде жиі шошып оянып, ұйқысы бұзылған. Ал анасы Меруерт Ділмұхашева ұлына күш көрсеткен оқушылардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Анасының сөзінше, оқиға шамамен бес ай бұрын қаладағы мектеп-интернаттардың бірінде болған. Оның айтуынша, 4-сыныпта оқитын Рамазанға 3 және 8-сынып оқушылары әлімжеттік көрсеткен. Салдарынан бала ауыр соққы алып, басынан жарақаттанған. Бұған дейін де психикалық дамуында ерекшелігі бар баланың жағдайы осы оқиғадан кейін одан әрі күрделене түскен.

Меруерт Ділмұхашева ұлы үйге келген кезде денесінде көгерген іздер болғанын айтады. Оның сөзінше, баланың көзі қызарып, арқасы ісіп кеткен. Рамазанның өзі де басқа оқушылардың итеріп жібергенін, құлап қалғанын және сол сәтте басынан жарақат алғанын жеткізген.

Білім басқармасындағылар бұл оқиғаға қатысты мектеп директорына ескерту түрінде тәртіптік жаза берілгенін хабарлады. Ал соққы алған оқушыға қатысты тиісті медициналық көмек көрсету жөнінде денсаулық сақтау басқармасына хат жолдапты.

«11.03.2026 жылы бейнебақылау жазбасын қарау мәселесі бойынша техникалық ақауларына байланысты аталған күннің жазбасы сақталмағаны анықталды. Тексеру нәтижесінің қорытындысымен директорға өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Еңбек Кодексінің 64-бабы 1-тармағы 1- тармақшасына сәйкес білім бөлімінің 2026 жылы 17 сәуірдегі № 76 бұйрығымен «ескерту» түрінде тәртіптік жазасы берілді», – делінген Атырау қалалық білім бөлімі ақпаратында.

Ал полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар тұлғалардан түсініктеме алып, барлық мән-жайды жан-жақты зерделеп жатыр.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірленіп, жауапты мекемелерге жолданған.

Ал әділдік іздеген ана баласына күш көрсеткендердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий