Атырауда қызметінен қуылған полиция басшыларының кім екені белгілі болды
Ішкі істер министрлігі Атырауда қызметінен шеттетілген полиция басшыларының не үшін жұмыстан кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін Астанадан келген арнайы тексерістен кейін Атырау полициясының 5 басшысы заңбұзушылыққа жол бергені үшін қызметінен кеткені туралы ақпарат тараған еді. Енді осы оқиғаға қатысты Ішкі істер министрлігі ресми жауап беріп, лауазымынан босатылғандарды атады.
Қызметінен шеттетілгендердің қатарында Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы Бақтыбек Исаев пен облыстық есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев бар. Одан бөлек Атырау облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Саламат Қалиев пен кадр басқармасының басшысы Нұржан Шаеденов те жұмысынан босатылған.
«ІІМ тарапынан аумақтық бөліністердің қызметіне жоспарлы қызметтік тексерулер тұрақты түрде жүргізіледі.
Қызметтік-әскери тәртіптің өрескел бұзылуы, тиісті бақылау мен жұмыс ұйымдастырудың жеткіліксіздігі анықталуына байланысты, Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау қаласы Полиция басқармасының бастығы, сондай-ақ Атырау облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшылары атқарып отырған лауазымдарынан шеттетілді», – деп жауап берді министрлік сұрағымызға.
Соңғы жаңалықтар