Атыраудың экс-әкімі Шәкір Кейкінге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Жазда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) тергеуіне іліккен Атыраудың бұрынғы әкімі Шәкір Кейкінге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Тергеу оның алаяқтық ісіне қатысы жоқ деген қорытындыға келген. Алайда бұл іс бойынша тағы екі адам сот алдында жауап бермек, деп хабарлайды «Ақ Жайық» басылымы.
Бұл туралы басылымға «Слово защиты» адвокаттар кеңсесінің жетекшісі Нұрлан Жолболов айтып берген.
Адвокаттың сөзінше, ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі істі төрт-бес ай бойы тергеген. Нәтижесінде бұрынғы қала әкімі Шәкір Кейкін мен оның орынбасары Мейіржан Мұқасовтың басқа күдіктілерге тағылған алаяқтық әрекеттерге қатысы жоқ екені анықталған.
Осыған байланысты екі шенеунікке қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Прокуратура да тергеу шешімінің заңдылығын тексеріп, онымен келіскен.
Ал екі адамға қатысты іс сотқа жолданбақ. Олар – «Қала тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС бас директорының орынбасары қызметін атқарған Бейбіт Мағзұмов пен Әнуар Күншіғаров.
Басылымның мәліметінше, екеуі де әр жылдары кәріз жүйесі саласында да жұмыс істейтін «BM SERVICE STROI» серіктестігін басқарған.
Әкімді не үшін тергеген?
Еске салайық, 1 маусымда Атырау әкімдігінің басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқаны белгілі болған еді.
Сол кезде жоғары лауазымды шенеуніктер ұсталды деген ақпарат тараған. Алайда олардың қорғаушылары мұны жоққа шығарды. Кейін Шәкір Кейкиннен ҰҚК қызметкерлері жауап алып, үйіне жібергені анықталды.
ҰҚК сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растағанымен, істің мән-жайын ашып айтпады.
2023 жылдың шілдесінен бері Атырау қаласын басқарған Шәкір Кейкін биыл қыркүйекте өз еркімен қызметінен кетті.
Ал жазда қала әкімінің тағы бір орынбасары Тілек Махуов аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қаланың кәріз желілерін күрделі жөндеу жобасына өзгеріс енгізуге көмектескені үшін 100 млн теңге алды деген күдікке іліккен.
Алайда адвокат Нұрлан Жолболов бұл істердің бір-біріне қатысы жоқ екенін айтты.
«Көпшілік істің мән-жайын білмей, үш адамның әрекетін бір-бірімен байланыстырып жатыр. Бірақ олардың әрқайсысына қатысты құқық қорғау органдарының күдігі бір-біріне мүлде қатысы жоқ екенін жауапкершілікпен айта аламын», – деді адвокат.
41 миллион теңгелік келісімшарттың бұл іске қандай қатысы бар?
«Ақ Жайық» басылымы тергеуге байланысты тағы бір жайтқа назар аударған.
Бұған дейін осы іс төңірегінде шамамен 40 млн теңге туралы ақпарат тараған. Кейін журналистер Бейбіт Мағзұмовтың атына тіркелген «ВМ SERVICE» жеке кәсіпкерлігі кәріз қалдықтарын таситын арнайы техниканы жалға беру үшін конкурссыз мемлекеттік келісімшарт алғанын анықтаған.
Келісімшарттың құны кейін өзгертіліп, 41 млн теңгеден асқан.
Бір қызығы, жеке кәсіпкерлік 2024 жылғы 31 қаңтарда тіркелген. Ал келесі күні-ақ алғашқы мемлекеттік тапсырысын алған. Ашық деректерге қарағанда, бұл оның жалғыз мемлекеттік келісімшарты болуы мүмкін.
Журналистер аталған сатып алудың қылмыстық іске қатысы бар-жоғын ҰҚК-ден сұраған. Алайда ведомство тергеу құпиясын алға тартып, жауап бермеген.
Әзірге 41 млн теңгелік келісімшарттың тергеумен байланысы дәлелденген жоқ.
Осылайша, бұрынғы әкім мен оның орынбасарына қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылғанымен, алаяқтыққа қатысты істің өзі аяқталған жоқ. Енді сотта екі күдіктіге тағылған айыптың нақты мән-жайы қаралуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар