«Байлар мемлекеттен көмек алмауы керек»: Бектенов жәрдемақы төлеу тәртібі өзгеретінін айтты
Қазақстанда 2027 жылдан бастап жағдайы жақсы отбасыларға кейбір мемлекеттік жәрдемақылар төленбейді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, мемлекет ақшаны көмекке шынымен мұқтаж азаматтарға ғана жұмсауы керек, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Үкімет басшысы Құрылтай отырысында бюджет тапшылығына қатысты сұраққа жауап бергенде айтты.
Бектеновтің сөзінше, қазір Қазақстанда көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілгенде олардың табысы ескерілмейді. Яғни ауқатты отбасы да, тұрмысы төмен отбасы да бірдей қолдау алады.
«Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Өзін қамтамасыз ете алатын бай, ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек. Олар өз күшіне сенуі тиіс. Мемлекет тек өмірлік жағдайына байланысты өзін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға көмектеседі», – деді премьер-министр.
Оның айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік көмек тағайындауда адамның қандай санатқа жататынына емес, оның материалдық жағдайына басымдық беріледі.
Бектенов мемлекеттік жәрдемақы адамның тұрақты табыс көзіне айналмауы керектігін де айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік көмек азаматтың қиын жағдайдан шығып, уақыт өте өз күнін өзі көруіне мүмкіндік беруі тиіс.
Қандай жәрдемақылар өзгеріске ұшырайды?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін тағайындау тәртібі өзгереді.
Олардың арасында бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы мен бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы жәрдемақы да бар.
Жаңа тәртіп бойынша отбасылар материалдық жағдайына қарай бес санатқа бөлінеді:
- А санаты – табысы жоғары, жылжымайтын мүлкі және басқа да активтері бар отбасылар.
- B санаты – тұрақты табысы, баспанасы бар, қаржылық жағдайы жақсы отбасылар.
- C санаты – табысы көп емес, несиесі бар, қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасылар.
- D санаты – табысы төмен, қарызы немесе жұмысқа орналасуда қиындықтары бар отбасылар.
- E санаты – әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан ең қиын жағдайда жүрген отбасылар.
Жаңа ережеге сәйкес, А және B санатына кіретін азаматтарға аталған 10 жәрдемақы төленбейді.
Егер адам қазір жәрдемақы алып жүрсе, бірақ жаңа бағалау бойынша А немесе B санатына жатқызылса, оның төлемі тоқтатылуы мүмкін.
Ал кейін отбасының қаржылық жағдайы нашарлап, C, D немесе E санатына өтсе, жәрдемақы қайта тағайындалуы мүмкін.
Отбасының жағдайы ай сайын бағаланады. Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» арқылы азаматтардың табысы, мүлкі және төлеген салықтары туралы мәліметтер автоматты түрде салыстырылады.
Үкімет қанша ақша үнемдемек?
Олжас Бектеновтің айтуынша, әлеуметтік төлемдер жүйесін өзгерту арқылы мемлекет 2027 жылы 700 млрд теңге үнемдеуді жоспарлап отыр.
Ал үш жылда үнемделетін қаржы көлемі 2,5 трлн теңгеге жуықтайды.
Премьер-министр бұл қаражатты басқа қажеттіліктерге бағыттап, бюджет тапшылығын азайту көзделіп отырғанын айтты.
Осылайша, 2027 жылдан бастап мемлекеттік көмектің аталған түрлерін алу үшін отбасының көпбалалы болуы немесе белгілі бір санатқа жатуы ғана жеткіліксіз болады. Оның табысы мен мүліктік жағдайы да есепке алынады.
Соңғы жаңалықтар