Ауылда тұратындар қала халқына қарағанда бақыттырақ болып шықты

02.09.2026 14:41 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ауылда тұратындар қала халқына қарағанда бақыттырақ болып шықты
303
Фото: magnific.com

Қазақстанда табысы орташа деңгейден жоғары азаматтардың 80%-дан астамы өз өміріне толық қанағаттанады. Бұл туралы finprom.kz аналитикалық порталы хабарлайды.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы биылғы наурыз айында 12 мың отбасы арасында сауалнама жүргізген. Зерттеуге 15 жастан асқан тұрғындар қатысты. Нәтижесінде қазақстандықтардың 44,9%-ы өміріне толық риза екені белгілі болды. Тағы 54,4%-ы жартылай қанағаттанса, 0,4%-ы мүлдем көңілі толмайтынын айтқан, ал 0,3%-ы жауап беруге қиналған.

Соңғы жылдары өміріне еш өкпесі жоқ адамдардың қатары біртіндеп өсіп келеді. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 41,8%, ал 2024 жылы 43,8% болған. Алайда қазіргі нәтиже 2021 жылғы рекордтық 61,3% деңгейіне әлі жете қойған жоқ. Биылғы көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 3,6 пунктке жоғары, бірақ 2021 жылғы нәтижеден 16,4 пунктке кем.

Басылым мәліметінше, ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда бақыттырақ. Биыл ауылдағылардың 48,3%-ы өміріне риза болса, қалада бұл көрсеткіш 43,5%-ды құрады. Дегенмен соңғы екі жылда қала мен ауыл арасындағы айырмашылық айтарлықтай қысқарған. Қалада бақытты адамдар үлесі 5 пунктке өсіп, ауылда 7 пунктке төмендеген.

Зерттеу авторларының айтуынша, еркектер (48,7%) әйелдерге (42,5%) қарағанда өз өміріне көбірек қанағаттанады. Жартылай көңілі толатындар қатарында еркектер 50,8%, әйелдер 56,7% жинады. Жас ерекшелігіне келсек, ең бақытты кезең 29 бен 38 жас аралығына тұспа-тұс келеді (52,2%).

Өзге жас топтарындағы толық қанағаттану деңгейі мынадай: 15-17 жас – 49%, 18-28 жас – 47,3%, 39-48 жас – 47,9%, 49-60 (62) жас – 46,1%. Ал ең төменгі нәтиже 61 (63) жастан асқан зейнеткерлер арасында тіркелген (36,5%). Бұл егде жастағы топтың 62,8%-ы өміріне жартылай ғана риза.

Адамдардың көңіл күйі олардың қалтасына тікелей байланысты болып шықты. Сауалнамаға қатысқандардың 70,1%-ы өздерін орташа тапқа жатқызған. Олардың тек 30,5%-ы ғана өміріне толық қанағаттанады. Ал табысы орташадан жоғары азаматтардың (22,9%) 81,7%-ы, ауқаттылардың (4,9%) 93,4%-ы өз тұрмысына әбден риза. Сонымен қатар, 1,7% адам табысын орташадан төмен, 0,1%-ы өте төмен деп бағалаған.

Өзін табысы төмен адамдар қатарына қосқан азаматтар қаржылық қиындықтың негізгі себептерін атады:

• төмен жалақы – 62,1%;

• зейнетақының аздығы – 33%;

• тұрғылықты жерінде тұрақты жұмыстың жоқтығы – 20,3%;

• мүлдем жұмыссыздық – 14,9%;

• біліктілік пен тәжірибенің жетіспеуі – 12,7%;

• несие мен қарыздың көптігі – 9,2%.

Қазақстандықтардың қаржылық сұранысы да айтарлықтай жоғары. Портал дерегінше, респонденттердің 69,4%-ы бір отбасы мүшесіне айына 260 мың теңгеден астам табыс керек деп санайды. Ең жиі кездесетін жауап (28,5%) – 260-320 мың теңге аралығы. Азаматтардың 40,9%-ы үшін қалыпты өмір сүру шегі 320 мың теңгеден басталады.

Сауалнамаға қатысқандардың 18,4%-ы 400-500 мың теңгені, 12,7%-ы 150-200 мың теңгені, ал 11,7%-ы 320-400 мың теңгені қанағат тұтады. Тек 7,2% адам 600 мың теңгеден жоғары табыс сұраған. Қалалықтардың талабы бұдан да зор, олардың 25,2%-ы адам басына 400-500 мың теңге сұраса, ауылда мұндай соманы тек 12,8%-ы қалайды.

Бірақ ресми статистика бұл сұранысқа сәйкес келмейді. Биылғы бірінші тоқсанда халықтың орташа табысы адам басына 252,6 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 11,8%-ға өскенімен, бағаның өсуіне байланысты нақты кіріс небәрі 0,1%-ға ғана көбейген. Яғни, жалақының номиналды өсімін толығымен қымбатшылық жұтып қойды.

Осы жағдай аясында өз тұрмысының жақсарғанын сезінгендердің үлесі азайған. Қазір 27,3% адам жағдайымыз оңалды десе, 66,8%-ы еш өзгеріссіз қалғанын, 5,9%-ы нашарлағанын айтқан. Болашаққа деген сенім де сәл төмендеген. 2024 жылғы 76,2%-дың орнына биыл 73,2% адам жақсылық күтеді. Оның ішінде 40,3%-ы толық сенімді, 32,9%-ы жақсаруды болжайды.

Тағы 20,9%-ы қазіргі деңгейде қалуды жоспарласа, 4,7%-ы аздап нашарлауды, 1,2%-ы мүлдем нашарлауды күтеді. Ауыл халқы (81,3%) қалалықтарға (69,9%) қарағанда әлдеқайда оптимист болып шықты. Табыс деңгейінің өсуі бағаның қымбаттауымен теңесіп жатқандықтан, халықтың материалдық жағдайы одан әрі түзелуі үшін жалақының нақты сатып алу қабілеті артуы қажет.

Войдите, чтобы оставить комментарий