Бала күтімі мен көпбалалыларға берілетін ақша тоқтатыла ма: Үкімет жаңа қаулы қабылдады

08.10.2026 • 11:33 Әсел МҰРАТ
Бала күтімі мен көпбалалыларға берілетін ақша тоқтатыла ма: Үкімет жаңа қаулы қабылдады
220
Фото: Politico.kz/Максим Золотухин

Елімізде әлеуметтік жәрдемақы тағайындау тәртібі жаңарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстанда мемлекеттік төлемдерді тағайындау, оны тоқтата тұру, қайта жаңғырту және мүлдем тоқтату тетіктері, сондай-ақ жерлеуге берілетін бір реттік көмек тәртібі бекітілді. 

2026 жылдың 5 қазанындағы бұл құжат 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді. Жаңа ережеге сәйкес, көмек тағайындарда өтініш берушінің немесе оның жанұясының әлеуметтік жағдайы басты назарға алынады. Дегенмен, бұл талаптан тыс қалған топтар да бар.

Тізімге енген 10 негізгі төлем түрі:

  1. Сәбидің дүниеге келуіне байланысты бір реттік жәрдемақы;
  2. 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне арналған ай сайынғы қаражат;
  3. Бірге тұратын 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы төлем (оған қоса 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттер де есепке кіреді);
  4. «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағы немесе I, II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналардың ай сайынғы жәрдемақысы;
  5. Мүгедектікке байланысты берілетін әлеуметтік көмек;
  6. Асыраушысы өмірден өткенде оның қарамағында болған еңбекке жарамсыз жандарға арналған төлем;
  7. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  8. Бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматқа қарайласатындарға берілетін көмек;
  9. Мүгедектігі бар баланы бағып-қағып отырған ата-анаға, қамқоршыға немесе асырап алушыға төленетін қолдау;
  10. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік төлем.

Әлеуметтік жағдай қалай тексеріледі?

Құжат негізінде көмек шынайы мұқтаждық қағидатымен үлестіріледі. Егер азамат немесе оның отбасы мемлекеттік өлшемшарт бойынша әл-ауқаты жоғары («А» санаты) немесе ауқатты («В» санаты) деп танылса, оларға жәрдемақы мен жерлеу шығыны берілмейді.

Кімдердің кірісі мен әл-ауқаты тексерілмейді?

  • Бұл шектеу төмендегі санаттарға жүрмейді:
  • Зейнетке шыққан марапатты көпбалалы аналар;
  • Мүгедектігі бар балалар мен I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
  • Ата-анасының екеуі бірдей дүниеден өткен жетім балалар;
  • Жасына байланысты зейнеткерлікке шығып, арнаулы жәрдемақы алатындар;
  • Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы алушылар.

Бағалау жұмыстарын жүргізу үшін отбасындағы кәмелетке толғандар мен төлем алушылар жеке деректерін, оның ішінде несиелік міндеттемелері мен банк құпиясына қатысты мәліметтерін өңдеуге келісім беруге тиіс. Егер төлем алушы «А» не «В» тобына өтсе, қаржы аудару уақытша тоқтатылады. Кейінгі ай сайынғы тексерулер барысында олардың жағдайы қайтадан қанағаттанарлық немесе осал топ деңгейіне төмендесе, төлем автоматты түрде жалғасады. 

Войдите, чтобы оставить комментарий