«Балағат сөздер айтып, қорлаған…»: Атыраулық полицей қыз даудың астында қалды
Атырау қаласында құқық қорғау органының қызметкері әлеуметтік желідегі жазбалары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәліметке сәйкес, полиция қызметкері жеке парақшасында тінту және жедел-тергеу амалдары кезінде түсірілген фото-видеоларды жариялаған. Сонымен қатар жазбаларында іске қатысы бар азаматтарды бейәдеп сөздермен қорлағаны айтылды.
Бұл жағдайға алғашқылардың бірі болып жергілікті тұрғындардың бірі назар аударған. Ол тәртіп сақшысының мұндай әрекеті ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіретінін айтып, Ішкі істер министрлігіне ресми шағым жолдаған.
Шағымнан кейін Атырау облыстық полиция департаменті қызметтік тексеріс жүргізіп, көрсетілген заңбұзушылықтардың рас екенін растады.
Ведомство мәліметінше, қызметтік тәртіп пен әдеп нормаларын бұзған полиция қызметкеріне қатысты тиісті тәртіптік шара қолданылған. Сонымен қатар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жеке құрам арасында қосымша түсіндіру жұмыстары басталған.
Соңғы жаңалықтар