«Балаларды байлап тастаған»: Ата-аналар түзету балабақшасындағы сұмдықты айтты
Астанадағы жекеменшік түзету балабақшаларының бірінде тәрбиешілердің ерекше балаларға күш қолданғаны түсірілген видео тарап, ата-аналардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеп.
Бейнежазба бір жыл бұрын түсірілгенімен, желіге енді ғана шыққан
Аталған жайтқа байланысты полиция кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, тәрбиешіні ұстады.
Видеоны көрген ата-аналар балаларының бойындағы күрт өзгерістердің себебін енді түсінгендерін айтады.
«Бұл видео осыдан бір жыл бұрын түсірілген, яғни балабақша әкімшілігі бәрін жасырып келген. Ұлымның неліктен үркек болып қалғанын енді түсіндім. Керісінше, ол ортаға бейімделуі керек еді ғой. Қазір біреу дауыс көтеріп сөйлесе, қорқып, отыра қалып құлағын басатын болған», — дейді бүлдіршіннің анасы.
Тағы бір ана аутистік спектрі бар сөйлей алмайтын ұлының қорғансыз күйде қалғанын көріп, төбесінен жай түскендей болғанын жеткізді:
«Видеодан өз баламды көрдім. Қатты байлап тастағандықтан, балалар тіпті қимылдай да алмайды, тек бастары ғана қозғалады. Ұлым сөйлей алмайды, өзін қорғай да, ештеңе түсіндіріп айта да алмайды. Таң атқанша жылап шықтым», — деді ол.
Оқиғадан кейін ата-аналар балаларын мекемеден дереу алып кету үшін құжаттарын талап етіп барған. Алайда балабақша есігі жабық болып, басшылық қоңырауларға жауап бермей қойған. Тәртіп сақшылары мен қалалық білім басқармасы бұл жағдайды қатаң бақылауға алды.
Соңғы жаңалықтар