«Айыппұл төлейді де, кетеді»: Қамауға алынған рэпер Navai-дің анасы мәлімдеме жасады

15.10.2026 • 09:46 Әсел МҰРАТ
«Айыппұл төлейді де, кетеді»: Қамауға алынған рэпер Navai-дің анасы мәлімдеме жасады
187
Фото: ашық дереккөз

Ресейлік танымал рэпер Navai-дің анасы Айнұр Бакирова ұлының Қазақстанда ұсталуына қатысты пікір білдірді. Ол ұлының есірткі контрабандасына қатысы жоқ екеніне сенімді екенін айтып, көп ұзамай босатылатынына үміт білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Super басылымына берген сұхбатында Айнұр Бакирова ұлының ұсталуына алаңдамайтынын және бұл жағдайды әдейі ұйымдастырылған әрекет деп санайтынын айтқан.

Оның сөзінше, ұлымен әзірге тікелей байланыса алмаған.

«Құдайым-ау, менің баламның есірткіге қандай қатысы бар? Мен өз баламды жақсы білемін. Бұл – анық арандатушылық. Біреу әдейі аяқтан шалғысы келді. Ол мұндай іспен мүлде айналыспайды. Мұның қалай болғанын түсінбеймін. Ұлымның жақында концерті болуы керек еді. Концерттің неге тоқтатылғанын да ойлап жүр едім», – деді Айнұр Бакирова.

Сондай-ақ ол ұлының командасымен сөйлескенін және олардың алаңдауға негіз жоқ екенін айтқанын жеткізді.

«Күзетшілері хабарласып, мәселені шешіп қойғандарын айтты. Қазір босатады, уайымдамаңыз деді. Айыппұл төлейді де, бәрі аяқталатынын айтты. Олар контрабанда тасып жүрген жоқ қой», – деді рэпердің анасы Super басылымына.

Navai Қазақстанда не үшін ұсталды?

Еске салайық, 14 қазан күні Астанада өтуі тиіс Navai концерті болмайтыны белгілі болды. Ұйымдастырушылар кешкі уақытқа жоспарланған шараның тоқтатылғанын хабарлаған.

Сол күні Жамбыл облысында ресейлік рэпердің есірткі контрабандасына күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, өнер иесі уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ал рэпердің директоры Рауф Гусанов оның ұсталуына қатысты пікір беруден бас тартты.

Қазіргі уақытта істің мән-жайы туралы ресми органдардың толық түсініктемесі жарияланған жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий