Ақтөбеде параны 10 мыңнан 15 мыңға көтерген шенеунік сотталды

15.10.2026 • 09:40 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде параны 10 мыңнан 15 мыңға көтерген шенеунік сотталды
147
фото: Kursiv Media

Ақтөбе облысында жүк көліктерінен пара алып келген көлік бақылау инспекциясының бас маманы сотталды. Ол әр көліктен алатын парасын 10 мыңнан 15 мың теңгеге көтерген, деп хабарлайды Politico.kz.

«Диапазон» басылымының мәліметінше, кәсіпкер Ресейден бидай сатып алып, оны жүк көліктерімен Ақтөбе облысына тасымалдаған. Шығынды азайту үшін көліктерге белгіленген мөлшерден артық жүк тиеген.

Ал көлік бақылау инспекциясының бас маманы әр жүк көлігінен 10 мың теңгеден пара алып отырған. Есесіне көліктердің салмағын тексермей, өткізіп жіберген. Осылайша, кәсіпкер артық жүк үшін айыппұл төлемеген.

Біраз уақыттан кейін инспектор пара мөлшерін 15 мың теңгеге көтерген. Осыдан соң кәсіпкер Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірген.

Нәтижесінде инспектор ұсталып, ісі сотқа жеткен. Тергеу барысында оның жалпы 170 мың теңге пара алғаны анықталған.

Сотта инспектор кінәсін толық мойындаған. Ол бас бостандығынан айыру жазасынан құтылғанымен, қомақты айыппұл арқалады.

Сот оған алған парасының 35 еселенген мөлшерінде, яғни 5 миллион 950 мың теңге айыппұл салды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий