Бақытжан Базарбек зардап шеккен жігітті аяққа тұрғызуға уәде берді
Жамбыл облысында бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатынан зардап шеккен 36 жастағы Нұржігіттің денсаулығында оң өзгерістер бар, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желіде экс-депутат пен зардап шеккен азаматтың отбасы түскен видеоүндеу жарияланды. Видеода Нұржігіттің туысы оның емделуді жалғастырып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, Бақытжан Базарбек қазір отбасының қасында болып, барлық қажетті көмекті көрсетіп отыр.
Бүгінде науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Туыстары көмек көрсетіп жатқан дәрігерлерге шексіз алғысын білдірді. Олар барша қазақстандықтан Нұржігіттің тезірек сауығып кетуі үшін дұға етуді сұрады.
Бұрынғы депутаттың айтуынша, емдеу процесі Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүргізілуде. Бұл жұмысқа реаниматологтар, травматологтар және басқа да білікті мамандар тартылған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі арнайы консилиумдар өткізуге қатысып жатыр.
Бақытжан Базарбек Нұржігіттің динамикасында кішігірім оң өзгерістердің барын растады. Ол жұртшылықтан расталмаған сыбыстарды таратпауды өтінді. Сонымен бірге азаматтың аяққа тұрып, отбасына аман-есен оралуын тілейтінін айтты. Науқастың жағдайы тұрақталған соң, ол Астана мен Алматыдағы нейрохирургиялық орталықтарда әрі қарай тексерілуі мен емделуіне де көмектесуге уәде берді.
Еске сала кетейік, оқиға 15 тамыз күні кешке Тұрар Рысқұлов ауданында болған. Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында Toyota автокөлігінің жүргізушісі жолдың жүру бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Алған жарақаттары салдарынан зардап шегуші орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түскен болатын.
Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы фактісін растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Кейіннен Бақытжан Базарбек осы апатқа өзінің қатысы барын мойындады. Ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқандықтан, оқиғаның егжей-тегжейін аша алмайтынын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар