Бас эколог 10 жылға сотталды

Шығыс Қазақстанның бұрынғы бас экологы 10 жылға сотталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Өскемен. 16 қазан. Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы бас экологы Мамай Қайыртайұлы Бұтабаев ірі көлемде пара алғаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны 10 жыл 1 айға соттады. Сонымен қатар, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.
Тергеу материалына сәйкес, Бұтабаев «Қалбатау – Майқапшағай» республикалық маңызы бар автожолын қайта жаңғыртумен айналысқан жол-құрылыс компаниясынан 130 миллион теңге пара талап еткен. Бұл қаражатқа ол компанияның экологиялық заңнаманы бұзғанына көз жұма қарап, жалпы қамқорлық жасауға уәде берген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері шенеунікті 2024 жылдың 13 шілдесінде параның бір бөлігін – 8,5 миллион теңгені алып жатқан жерінде қылмыс үстінде ұстады.
Сот үкімі кеше, 15 қазанда шықты. Мамай Бұтабаев Қылмыстық кодекстің 366-бабы («Пара алу») бойынша кінәлі деп танылды. Іс бойынша оның сыбайластары да жазаға тартылды. Атап айтқанда, параны берген жол-құрылыс компаниясы директорының орынбасары Қанат Дырынбаев та 10 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды. Ал «Инком-Шығыс» ЖШС иесі, кәсіпкер Марат Ақылғазиннің жазасы 8 жыл 5 айдан 6 жыл 3 ай 29 күнге дейін жеңілдетілді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.
Бір айта кетерлігі, Мамай Бұтабаевтың бұл қызметке келуінің өзі үлкен даудан кейін болған еді. Ол Шығыс Қазақстан облысының бас экологы қызметіне 2023 жылдың желтоқсан айының соңында ғана тағайындалған болатын. Бұған дейін Абай облысының экология департаментінде жұмыс істеген Бұтабаев бұл лауазымға өзіне дейінгі департамент басшысы мен оның орынбасары жемқорлықпен ұсталғаннан кейін келген еді. Алайда, өзі де жарты жылдан сәл астам уақыттан кейін парамен қолға түсті.
Соңғы жаңалықтар





