Батыс Қазақстанда бірнеше адамды үсік шалып, аяқ-қолы кесілді
2026 жылдың алғашқы айларынан бері Батыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелерге үсік шалу диагнозымен 24 адам жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Зардап шеккендердің көпшілігі Жәнібек, Қазталов және Ақжайық аудандарынан. Олардың ішінде жеті науқас үсіктің ауыр түріне байланысты стационарлық ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер мұндай күрделі жағдайлардың саны өсіп келе жатқанын атап өтті.
«РТС кентінің бір тұрғыны үйіндегі пештің істен шығуына байланысты екі аяғын үсітіп алған. Қазіргі таңда ол қосымша жүрек ауруына байланысты жансақтау бөлімінде ем алып жатыр және ампутация жасауға дайындалуда», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Ауыр оқиғалардың қатарында Ақжайық ауданында далада адасып кеткен ер адамның да үсік шалу дерегі бар. Оның екі қолының білезік тұсынан төмен бөліктері кесілген. Сондай-ақ, табандары үсіп, өкпе туберкулезімен ауырған үйсіз науқас жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы бір тұрғын автокөлігін жөндеу барысында қолын үсітіп алып, операция жасалмай ауруханадан шығарылған. Мас күйінде далада ұйықтап қалған азаматтың екі қолының басы ампутацияланған. Ал тағы бір ер адам екі табанын кесуге дайындалып жатыр. Кейбір жағдайларда дер кезінде көрсетілген хирургиялық көмектің арқасында аяқ-қолды сақтап қалу мүмкін болған.
Мамандардың мәліметінше, үсік шалу деректерінің басым бөлігі 50 жастан асқан ер адамдар арасында тіркелген. Олардың арасында тұрақты мекенжайы жоқ азаматтар жиі кездеседі. Көп жағдайда жарақат алу алкогольдік ішімдіктерді тұтынумен байланысты.
Салыстыру үшін айта кетсек, 2025 жылы өңірде мұндай 12 жағдай ғана тіркелген. Дәрігерлер ауыр үсік шалу оқиғаларының көбеюін аномальді суық ауа райымен байланыстырып отыр.
Медицина қызметкерлері тұрғындарды ауа райына сәйкес киінуге, қатты аязда далаға шығуды шектеуге және үсік шалудың алғашқы белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралуға кеңес береді.
Соңғы жаңалықтар