Алматыда жүк көліктерінің жүргізушілерін ереуілге шақырған ер адам жазаланды

Алматыда жүк көліктерінің жүргізушілерін ереуілге шақырған ер адам жазаланды
Видеодан кадр

Алматыда жүк көліктерінің жүргізушілерін наразылыққа шақырған 41 жастағы ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде ер адамның жүк көліктерінің жүргізушілеріне үндеу жасаған видеосы тарады. Ол 1 қараша күні жүк көліктерінің жұмысын тоқтатып, жаппай наразылық ұйымдастыруға шақырған.

Ер адамның айтуынша, Алматыда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, қала аумағы кеңейіп келеді. Ал құрылыс материалдарын тасымалдау үшін ауыр жүк көліктері қажет. Алайда қаладағы жүк көліктеріне қойылған салмақ шектеулері жүргізушілердің жұмысына кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты ол барлық жүргізушіні бір уақытта жұмысын тоқтатып, биліктің назарын мәселеге аударуға үндеген.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, видео авторының кім екені анықталған. Ол – 41 жастағы А.Б. есімді азамат. 31 қазанда ер адам Түрксіб аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

Полиция өкілдері оның мемлекеттік органдармен келіспей жаппай акция өткізуге шақырғанын хабарлады.

Істі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты қарады. Сот ер адамды кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу