Қазақстан шекарасынан өту қиындай ма? Шетелдіктерге жаңа ереже енгізіледі
2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанға визасыз режиммен келетін шетел азаматтарына арналған электронды рұқсатты (ETA) тексеру кезең-кезеңімен енгізіледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Алғашқы кезеңде жаңа талап Ақтау халықаралық әуежайы мен төрт автомобиль өткізу бекетінде қолданыла бастайды.
Жаңа тәртіп мемлекеттік QazETA цифрлық платформасын іске қосумен байланысты. Бұл жүйе шетел азаматтарына көші-қон құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік береді.
Электронды рұқсатты тексеру бірнеше кезеңмен жүзеге асады:
- 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Ақтау халықаралық әуежайында және «Үрлітөбе», «Аухатты», «Атамекен», «Нұрлы жол» автомобиль өткізу бекеттерінде;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында;
- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап – мемлекеттік шекарадағы қалған өткізу бекеттерінде;
- 2027 жылғы 1 шілдеден бастап – тиісті санаттағы шетел азаматтары үшін ETA міндетті болады.
Маңыздысы, 2027 жылғы 1 шілдеге дейін электронды рұқсаттың болмауы Қазақстанға кіруден бас тартуға жеке негіз бола алмайды. Бастапқы кезеңде шекара қызметкерлері шетелдіктерге жаңа талаптар мен құжатты рәсімдеу тәртібін түсіндіреді.
Электронды рұқсат Қазақстанмен визасыз режим орнатылған елдердің тиісті талаптарға жататын азаматтарына арналған.
Құжатты QazETA мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Ол үшін пайдаланушы тіркеліп, жеке басын растауы және өтінім толтыруы қажет.
Өтінімді сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын жіберу керек. Қызмет тегін көрсетіледі, ал алынған рұқсат 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады.
Шекарадан өту кезінде өтініш берген кезде пайдаланылған төлқұжатты көрсету қажет. Дегенмен ETA алу Қазақстанға міндетті түрде кіргізеді дегенді білдірмейді. Соңғы шешімді шекаралық бақылау кезінде уәкілетті органдар қабылдайды.
Соңғы жаңалықтар