Маңғыстауда балалар ауруханасында дәрігерге шабуыл жасалды
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігерлерге шабуыл жасалған, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 31 қазан күні кешкі уақытта болған. Бұл туралы маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Блогердің жазуынша, жанжал кезінде балалар хирургі мен онкологқа күш көрсетілген. Ол оқиғаның басталған сәті түсірілген бейнежазбаны да жариялады.
Азамат Сәрсенбаев шабуылдың нақты неден басталғанын білмейтінін айтқанымен, медициналық мекеме қызметкерлеріне қол көтеруге ешқандай жағдай ақтау бола алмайтынын атап өтті.
Оның пікірінше, мәселе тек дәрігерге көрсетілген агрессияда емес, адамның балалар ауруханасының өзінде мұндай әрекетке барудан тайынбауында. Себебі қабылдау бөлімінде сол уақытта медициналық көмекке мұқтаж басқа да балалар мен олардың ата-аналары болған.
«Ата-аналардың баласы үшін алаңдап, қобалжитынын, кейде ашуға берілетінін түсінемін. Бірақ бұл ешкімге дәрігерге қол көтеруге құқық бермейді. Дәрігер жұмыс орнында балаларды емдеуі керек, өзін шабуылдан қорғаумен айналыспауы тиіс», – деп жазды блогер.
Сондай-ақ ол дәрігерге шабуыл жасаған адамның заң алдында жауап беріп, әрекетіне құқықтық баға берілуі керектігін талап етті.
Айта кетейік, дәрігерлерге қатысты күш көрсету оқиғасы қоғамда медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі мәселесін қайта көтерді. Әзірге жанжалдың нақты себебі, зардап шеккен дәрігерлердің жағдайы және оқиғаға қатысты құқық қорғау органдарының қандай шара қабылдағаны туралы ресми ақпарат келтірілген жоқ.
Соңғы жаңалықтар