Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының финалында ресейлік балуанмен белдеседі
Қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов бүгін, 1 қарашада, Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатының алтын медалі үшін күреседі, деп хабарлайды Politico.kz.
74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсетін отандасымыз финалда ресейлік Иналбек Шериевпен кездеседі.
Шешуші белдесу Қазақстан уақытымен сағат 18:59-да басталады деп жоспарланған. Финалдық кездесуді Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады. Сондай-ақ жарыс арнаның ресми сайтында көрсетіледі.
Нұрқожа Қайпанов финалға дейін төрт қарсыласын жеңіп, өзінің жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетті. Алғашқы белдесуде Косово өкілі Эгзон Джониді 10:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Одан кейін Әзербайжан балуаны Туран Байрамовты 4:0 есебімен жеңді.
Жартылай финалға дейінгі жолда қазақстандық спортшы Тәжікстан өкілі Виктор Рассадиннен 11:0 есебімен басым түсіп, шешуші кезеңге шығу үшін жапониялық Ёсиносукэ Аоягимен белдесті. Бұл кездесуде де Қайпанов 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, отандасымыз төрт қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов – тәжірибелі әрі атақты қазақстандық балуандардың бірі. Ол 2024 жылы әлем чемпионы атанса, 2019 жылы әлем біріншілігінің күміс жүлдесін, ал 2025 жылы қола медалін иеленген. Сонымен қатар спортшы 2019, 2021 және 2025 жылдары Азия чемпионы атанып, құрлықтағы жарыстарда да бірнеше рет топ жарған.
Соңғы жаңалықтар