Бауыржан Байбекті қарамағындағы адам тонап кетті

05.09.2026 17:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Бауыржан Байбекті қарамағындағы адам тонап кетті
165
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Астанада Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің үйінен құны 90 млн теңге тұратын элиталық сағаттар топтамасы ұрланды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.

Күдікті ретінде 31 жастағы Нұрболат есімді азамат ұсталған. Ол бұрынғы шенеуніктің негізгі көмекшісінің қоластында жұмыс істеп, ұсақ тапсырмаларды орындаған. Журналистің мәліметінше, ер адам үй иесінің бағалы заттары қайда тұрғанын жақсы білген.

Байбек отбасымен елден ұшып кеткен кезде күдікті қызметтік көліктен үйдің қосалқы кілттерін алып қалған. Алайда ол қымбат сағаттарды жай ғана алып кетпей, алдын ала олардың арзан көшірмелерін сатып алған.

Үйге кірген ер адам түпнұсқа Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne сағаттарын жалған нұсқаларға ауыстырып кеткен.

Қылмыстың беті үй иелері елге оралған соң ашылды. Олар премиум сағаттарының жалған екенін байқап, бірден 102 нөміріне қоңырау шалған.

Журналистің мәліметінше, Астана қаласының Полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Тәртіп сақшылары күдіктіні тез арада анықтады. Ол өз кінәсін мойындап, ұрланған заттарды сатып алған адамның атын да атаған.

Қазіргі уақытта ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Бауыржан Байбек «Qazaq Kaolin» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Бұл каолин байыту фабрикасы Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Бірлестік ауылында орналасқан.

Ол бұған дейін бірнеше жоғары лауазымда болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында, 2002–2013 жылдары Президент әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған.

Кейін 2013 жылдың қаңтарынан 2015 жылдың тамызына дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Ал 2015 жылдың тамызынан 2019 жылдың маусымына дейін Алматы қаласын басқарды.

Войдите, чтобы оставить комментарий