Баян Алагөзоваға сыйланған «Қыз Жібек» қамзолын министрлік тексеретін болды
Желіде продюсер Баян Алагөзоваға «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолдың сыйға тартылуы қызу талқыға түскеннен кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл құнды жәдігердің жеке адамдардың қолына қалай өткенін анықтауға кірісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігі продюсер Баян Алагөзованың әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін Алагөзова актриса Меруерт Өтекешовадан «Қыз Жібек» фильмінде киген қамзолын сыйға алғанын жазып, бұл оқиға қоғамда үлкен пікірталас тудырған болатын.
««Қазақфильм» киностудиясының музей қорында «Қыз Жібек» фильмінде пайдаланылған бір камзолдың түпнұсқасы сақтаулы. Бұл жәдігер ұлттық кино өнерінің маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалған. Ал продюсер жариялаған жазбадағы екінші камзолдың жеке қолға қалай өткендігі анықталуда», – деп хабарлады министрлік.
Жалпы киностудия ұлттық фильмдердегі құнды заттар мен тарихи костюмдерді жинап, оларды қалпына келтірумен тұрақты түрде айналысады. Алдағы уақытта «Қазақфильм» жанынан отандық кино тарихынан сыр шертетін үлкен заманауи музей ашу жоспарланған, онда барлық бірегей экспонаттар көпшілік назарына ұсынылады.
Соңғы жаңалықтар