Бекболат Тілеухан: Анам қайтқан соң, бес жылдай жылап оянып жүрдім

06.08.2026 18:38 Томирис САҒЫНДЫҚ
Бекболат Тілеухан: Анам қайтқан соң, бес жылдай жылап оянып жүрдім
209
Фото: stan.kz сайтынан алынды

Қоғам қайраткері, әнші Бекболат Тілеухан анасы мен арадағы ерекше байланыс туралы әңгімеледі. Әншінің айтуынша, үйдің кенжесі болған соң, әке-анасы қатты еркелетіп өсірген, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол бұл туралы Аман Тасығанның TalkLike подкастында айтты.

«Тура әке-шешемнің қасына мешіт салдым. Бұрында да ол жерде мешіт салынған еді, кейіннен, 1990 жылдары ол бұзылып қалды. Іргетасы дұрыс болмағандықтан, орнына медресе тұрғыздым. Оның қасынан шақырылған азан үні мен оқылған Құран аяттары марқұмдарға жетіп жатсын деген ниетпен сол жерге халықтық мешіт салдырдым. Негізінен, өз қаражатыма тұрғызылды. Көптеген азамат көмектесті, бірақ басым бөлігін өзім қаржыландырдым. Сол кезде намазға барған сайын, біздің отбасылық қорым тура сол мешіттің қасында болатын. Басына барғанда ғана әкеге қол жаю міндет емес қой. Әкеге де, анаға да күніне бес рет дұға ету керек. Тек ауылға барғанда басына барып жасаймын деу дұрыс емес. 40-50 жылда бір 10 рет баратын шығарсың. Сондықтан ол — әрдайым есте жүретін нәрсе», — деді Бекболат Тілеухан.

Қоғам қайраткерінің әкесі 1990 жылы 86 жасында, ал анасы 2010 жылы 84 жасында қайтыс болған. Сол кезде 44 жаста болса да, анасы қайтыс болғаннан кейін өзін жетім қалғандай сезінгенін айтады.

«Әрине, «кімнің әке-шешесі жаман» дейсің, бірақ менің әке-шешем шынымен де өте жақсы адамдар еді. Тәрбиелеп, мейіріміне бөлеп өсірді, маған қатты қатал болған жоқ. Әкем менен үлкен ағаларыма қатал болды. Жаңағы «аттың басын алар» деген сияқты, оларды талай таяқтаған да еді. Мен де бұзықтығым үшін таяқ жеген кездерім болды. Қораның қасынан тіркемелі машина өтетін. Соған секіріп мініп кететінмін. Балалық қой. Сонда бір әкемнің таяқ жегізгені есімнен кетпейді: – Бері кел, бері кел, балам, – деп шақырып алып, таяқпен ұратын. Одан кейін сол тіркемесі бар машина келсе, маңайына да жоламайтын едім. Сол жағдай есте қалыпты. Ал шешемнен жеген таяғым есімде жоқ, тек әкемдікі есімде қалды. Мен студент кезде әкем қайтыс болған еді. Ал анам тура менің қолымда, алақандап жүріп қараған кезімде өмірден өтті. Қайтыс болар алдында қасында болдым, армансыз қасында болдым. 2010 жылдары сұранысқа ие болып жүрген кезде де, басқа азаматтар сияқты жүруім мүмкін еді, бірақ анам маған: – Жұмадан кейін соғып өтші, бір топ кісіні жинап қояйын, әңгімелесіп отырайық, – деп Астанадан Арқалыққа дейін шақыртатын. Мен шешемнің сөзін екі ете алмайтынмын, бас тарта алмайтынмын. Мен үшін шешемнің айтқаны заң болды. Екеуміздің арамызда ерекше бір жақындық болды. Мен оның кенжесі болдым, ән салған соң ба, елге танымал болған соң ба, анаммен бірге көп жүрдім. Анам екеуіміздің арамыздағы ана мен баланың қарым-қатынасы өте тығыз еді. Тіпті комада жатқанда, талып жатқан кезінде де менің атымды айтып жатады екен», – деді әнші.

Бекболат Тілеухан анасы қайтыс болғаннан кейін бірнеше жыл бойы анасын еске алып, жылап оянғанын айтты. Сондай-ақ, ол анасының арманы жұма күні жан тапсыру болғанын еске алды.

«Айту қаншалықты ыңғайсыз болса да... Анам қайтыс болғаннан кейін де 5-6 жыл бойы жылап оянатын кездерім болды. Иісі мұрныма келетін. Тәтем деуші едім, «тәтемнің иісі бар ғой» деп, маған байланып қалған иісі мұрныма келіп, сағынатынмын. Сол иістен көзіме жас келіп, жылап оянып жүрдім. Анам Абайды жатқа білетін. Біз Абайды жақсы білсек, оның негізгі себебі — шешем еді. Шешемнің арманы — жұма күні жамбасы жерге тиіп, ажал құшу еді. Алла тағала оның жан дүниесін түсініп, жұма күні таңғы намазда ажалын берді. Арманына жетті. (...). Бірақ сөздің қысқасы, 2010 жылдың 16 шілдесінде, жұма күні таң намазында, азан шақырылған уақытта Аллаға қайтты. Сосын оның өсиеті бойынша, бүкіл бала-шағасы қасында болды. Кенеттен келген өлім емес, рак ауруымен ауырғандықтан, біз бұл өлімге психологиялық тұрғыдан дайын болған едік. Денесін суытпай, сол күні жұма намазынан кейін, Алматы, Астана, Қарағандыдан келген елді жинап, сағат 14:00-де жаназасын шығардық. Жаназасына 2000-ға жуық адам қатысып, анамызды жерледік. Ол жерде «мынау былай екен, анау былай екен» деген сөз болмады, бәрі мұсылманшылықпен өтті. Алланың ең жек көретін адамы — Құранда Самұд, Ғад, Перғауын деп айтылады ғой. Соларға не істеді Алла Тағала? Жерге бермеді. Олардың денесін де жерге бермеді. Ол — әр секунд сайынғы азап. Қазақта «асығатын төрт нәрсе бар» дейді: қызың бой жетсе, ұзатуға асық; намаздың уақыты келсе, оқуға асық; қарызың болса, қайтаруға асық; кісі қайтыс болса, жерлеуге асық. Өйткені бұл — парыздың бірі», — деді Бекболат Тілеухан.

Войдите, чтобы оставить комментарий