Бекет ата мешітіне жолға шыққан бір отбасының үш адамы із-түзсіз жоғалды

05.07.2026 13:08 Қарақат АСЫЛОВА
Бекет ата мешітіне жолға шыққан бір отбасының үш адамы із-түзсіз жоғалды
353
Маңғыстауда Бекет атаға барған үш адамға іздеу жарияланды

Маңғыстау облысында Бекет ата мешітіне жолға шыққан үш адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы олардың жақындары әлеуметтік желіде хабарлап, тұрғындардан көмек сұрады. Белгілі болғандай, 2026 жылғы 2 шілде күні шамамен сағат 16:15-те үш азамат Great Wall маркалы автокөлігімен Бекет ата мешітіне қарай жолға шыққан. Жоғалғандар:

  • Қанатбек Жұбатқанов (1991 жылы туған);
  • Ақмарал Бисенова (1995 жылы туған);
  • Мархабат Бисенова (2005 жылы туған).

Туыстарының айтуынша, олармен соңғы байланыс 2 шілде күні болған. Жоғалған азаматтар WhatsApp арқылы Бекет ата мешітінің аумағынан видео жолдаған. Осыдан кейін олармен байланыс үзілген.

Оқиғаға байланысты Ақтау қалалық полиция басқармасы үш азаматқа ресми түрде іздеу жариялады. Қазіргі уақытта криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іздеу жұмыстарына полицияның жеке құрамы, учаскелік инспекторлар және қоғам өкілдері жұмылдырылған.

Полиция жоғалған азаматтардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпаратқа ие болған тұрғындарды құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.

.

Войдите, чтобы оставить комментарий