Бектенов мемлекеттік қызметтерді өтінішсіз әрі лезде көрсетуді тапсырды

11.08.2026 12:51 Қарақат АСЫЛОВА
Бектенов мемлекеттік қызметтерді өтінішсіз әрі лезде көрсетуді тапсырды
68
Фото: Үкімет

Қазақстанда азаматтар енді мемлекеттік қызметтерді өтініш толтырмай бірден алатын болады. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл Жасанды интеллект министрлігі өзге органдармен бірлесіп жаңа тізбе жасайды. Оған жедел көрсетілетін мемлекеттік қызметтер кіреді. Тұрғындар енді қажетті құжатты іздеп әуре болмайды. Оларға өтінім жазудың да қажеті жоқ. Жүйе ешқандай артық әрекетсіз жұмыс істеуі тиіс.

«Бүгінде азаматтар үшін цифрлық қызметтер санын көбейтіп қана қою жеткіліксіз. Олар қажетті нәтижені жылдам әрі еш кедергісіз алғысы келеді. Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындауды тапсырамын. Бұл ретте көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау немесе соттылығының бар-жоғы туралы анықтама беру сияқты қызметтерді үлгі етіп алуға болады», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар үкімет басшысы кәсіпкерлерге де жағдай жасауды міндеттеді. Бизнес нысандарын коммуналдық инфрақұрылымға қосу уақыты қысқарады. Бұл бағыттағы жұмыстар толықтай цифрлық жүйеге өтеді.

«Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтері – инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тікелей ықпал ететін факторлардың бірі. Алайда бизнес өз нысандарын коммуналдық инфрақұрылымға қосу үшін көп уақыт жоғалтады. Мұндай қызметтерді көрсетуге қатысты өтінімдерді қарау мерзімдерін созбай, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету қажет», – деді премьер-министр.

Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер бұл мәселені 2 ай ішінде шешуі тиіс. Олар монополия субъектілерінің қызметтерді электронды форматта уақытылы көрсетуін қадағалайды. Барлық белгіленген мерзімдер қатаң сақталуы керек.

Осы үкімет отырысында тағы бір жаңалық айтылды. Ұлттық Aitu мессенджерінде жаңа функция іске қосылмақ. Ол арқылы пайдаланушылар сүйінші мен көрімдікке берілетін ақшаны оңай әрі жылдам жібере алады.

Войдите, чтобы оставить комментарий