Бектенов министрлер мен әкімдерге бірқатар жаңа тапсырма берді
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы кезінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі кеңесте әлеуметтік көмек пен жәрдемақыларды атаулы форматқа көшіру жұмысын үйлестіруді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жоспар бойынша биыл 1 қазаннан бастап халыққа әлеуметтік төлемдерді тағайындау шарттарындағы өзгерістер туралы кезең-кезеңімен хабар беріледі. Ақпарат SMS, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы жіберіледі.
Кеңесте әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, экологиялық мәдениет, вандализммен күрес, құрылыс пен жол сапасы және урбанистиканы дамыту мәселелері қаралды.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміз ауқымды өзгерістер дәуіріне қадам басты. Жаңа Конституция Озық Қазақстанды одан әрі дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жуырда ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдына азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, қалалық және республикалық маңызы бар жолдардың сапасын ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету, сондай-ақ Астана қаласының Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңінен тарату мәселелеріне қатысты бірқатар міндет қойды», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Президент тапсырмаларын орындауға жауапты министрліктердің баяндамаларын тыңдады.
«Президент атап өткендей, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындап келеді. Ал қажетті әлеуметтік көмек тек шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетініне назар аудару керек. Министрлер мен әкімдер көрсетілген барлық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Азаматтарға көрсетілетін көмектің түрлері туралы кеңінен ақпарат берілуі қажет. Өңірлерде әкімдіктер әлеуметтік жәрдемақы алушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуі керек», – деді Премьер-министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен жеңілдіктер беру мәселесін баяндады.
Ведомство мәліметінше, бірінші кезеңде мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік база қалыптастырылады. Бұл кезең «шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілуі тиіс» қағидатына негізделіп, 36 төлемнің 14 түрін қамтиды.
Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрін мұқтаждық деңгейіне қарай 4 түрге біріктіру көзделген. 2027 жылдың басынан бастап ардагерлерге де мемлекеттік қолдауды мұқтаждық қағидаты бойынша атаулы түрде көрсету жөнінде ұсыныстар айтылды.
Кеңесте ер адамдарға мемлекет тарапынан бала күтіміне байланысты демалыс берілуінің орынды екені де қаралды. Сонымен бірге бөбекжайлардағы орын санын көбейту және кіші жастағы балаларға арналған күтушілер тапшылығын шешу арқылы әйелдерге бала күтімінің алғашқы екі жылында көрсетілетін қолдау форматын жетілдіру мүмкіндігі талқыланды.
Мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету процесіне жасанды интеллект құралдарын енгізудің нәтижелері де жарияланды. Медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдай анықталған. Бұл фактілер құқық қорғау органдарына жолданды.
Сонымен қатар әртүрлі адамдардың деректерінде бірдей мәліметтер кездесетін 18 647 жағдай белгілі болды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Аталған реформалар «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіндегі деректер бойынша әл-ауқат деңгейі «А» – жоғары және «В» – қанағаттанарлық санаттарына жататын мемлекеттік көмек алушыларды қамтиды.
Әкімдіктер қазір «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы азаматтарға сауалнама жүргізіп жатыр. Барлық ұсыныс бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына енгізіледі.
Олжас Бектенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмек пен жәрдемақыларды атаулы түрде ұсыну жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру шараларын таныстырды.
2026 жылы ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,6 трлн теңге қарастырылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, МӘМС, жүйесіне 1,7 трлн теңге бөлінген.
Қаражаттың негізгі бөлігі стационарлық, алғашқы медициналық-санитариялық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге бағытталған. Ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге және онкологиялық ауруларды емдеуге жұмсалатын шығыстар да ұлғайтылды.
Мемлекет азаматтың сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясындағы медициналық көмектің кең ауқымын сақтап отыр.
Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін пациенттер саны 2018 жылғы 1,9 млн адамнан 2026 жылы 3,4 млн адамға дейін өсті. Емдеу тиімділігі жоғары препараттар енгізіліп, дәрілік заттар тізімі де жаңартылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, диспансерлік есепте есту қабілеті бұзылған 6 мыңнан астам бала тұр. Балаларды есту аппараттарымен қамтамасыз етудің нақты қажеттілігі олардың жасына, есту қабілетінің бұзылу дәрежесіне, қолданыстағы аппараттың болуына, оны пайдалану мерзіміне және жеке баптау қажеттілігіне қарай анықталады.
Президент ел аумағында нашар еститін балаларға арналған есту аппараттарының өндірісін шұғыл іске қосуды тапсырған.
Осы міндетті орындау үшін Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне тиісті Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Құжатта отандық өндірушілерді тарту, қажетті технологияларды трансферттеу және сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру қарастырылады.
Өндіріс басталғанға дейін әкімдіктер балаларға арналған есту аппараттарын сатып алуды жергілікті бюджеттер мен бюджеттен тыс қаражат көздері есебінен қаржыландыруы тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қоры 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі бірінші кезеңде пациенттерді жекелеген нозологиялар бойынша дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындады.
Қазір қор дамуында кемістігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының инфрақұрылымын дамытуды жалғастырып жатыр. Аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 10 орталық ашылған. Онда 1 250 бала көмек алып жатыр.
Балаларға арналған әлеуметтік кепілдіктер туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады.
Қазір 1-4 сыныптарда оқитын 1,4 млн оқушы мектеп тамағымен қамтылған. Тегін тамақ 5-11 сыныптарда оқитын әлеуметтік осал санаттағы 230 мың балаға да қарастырылған.
Бұл мақсаттарға 2026 жылы 210 млрд теңге бөлінген. Ашықтықты арттыру үшін тамақтану есебі «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен біріктірілді. Автоматтандырылған жүйе әр оқушының тамақтанғанын, күнін және уақытын тіркейді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, экологиялық тақырып жаратылыстану, география, биология, химия, физика және технология бағдарламаларына енгізілген.
Мектептерде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» бірлестігі жұмыс істейді. Оларға 125 мыңнан астам бала қатысады. ProEko республикалық экологиялық жобалар конкурсына 38,7 мың оқушы қатысқан.
Осы жылдың соңына дейін білім беру ұйымдарында экологиялық ағартудың бірыңғай стандартын қабылдау жоспарланып отыр. Оны іс жүзінде енгізудің тетігі ретінде «Жасыл мектеп» ұлттық моделі қарастырылған.
Қазір бұл модель 85 мектепте сыналып жатыр. Болашақта оны 1 мың мектепке дейін кеңейту жоспарланған.
Үкімет басшысы оқу орындарында экологиялық ағарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне бұл бағыттағы жұмысты оқушылар мен студенттер арасында күшейту тапсырылды.
Президенттің тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы бойынша экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров ұсынылған тәсілдерді таныстырды.
Ұлттық стандартты бес бағыттан тұратын жүйе ретінде қалыптастыру ұсынылып отыр. Олар экологиялық ағарту, экологиялық волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, көгалдандыру және табиғи аумақтардың тазалығын қамтиды.
Әр бағытты әзірлеу мен енгізуге тиісті мемлекеттік орган жауап береді. Жалпы үйлестіруді Үкімет деңгейінде жүргізу жоспарланған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған. 7 млн ағаш отырғызылып, 2 мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылған.
Экологиялық тәрбие тақырыбында 560 мыңнан астам сынып сағаты өткізілген. TazaQazBot арқылы азаматтардан санитарлық жағдай мен аумақтарды абаттандыру мәселелері бойынша 57 мыңнан астам өтініш түскен.
Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар, Сауда және интеграция, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне әкімдіктермен бірге әр бағыт бойынша бірыңғай талаптар әзірлеуді тапсырды.
Стандарттағы талаптар қарапайым, түсінікті және нақты болуы тиіс. Министрліктерге «Таза Қазақстан» бренді аясында қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары ақпараттық сүйемелдеу, жастар мен еріктілерді тарту, азаматтық бастамаларды қолдау және қоғамдық қатысуды дамыту бағыттарында жүргізіліп жатқанын айтты.
2026 жылдың басынан бері экологиялық акцияларға 2 млн-ға жуық жас қатысқан. 2 мыңнан астам жастар іс-шарасы өткізілген.
Мемлекеттік қолдаумен үкіметтік емес ұйымдардың 60-қа жуық әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның 34-і экологиялық бағыттағы жобалар.
Қазір Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында мамандандырылған эко-хабтар жұмыс істейді. Олар азаматтарды экологиялық күн тәртібіне жұмылдыру құралы ретінде қызмет етеді.
Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен экологиялық волонтерліктің жеке бағдарламасы әзірленіп жатыр. Күнделікті экологиялық әдеттерді жүйелі қалыптастыру жөніндегі жұмыс та күшейтіледі.
Сонымен бірге халыққа көрсетіліп жатқан ауқымды мемлекеттік қолдау туралы ақпарат тарату жұмыстары жеке бағыт ретінде жүргізіліп жатыр. Кеңесте бұл жұмысты одан әрі күшейту шаралары да баяндалды.
Премьер-министр әлеуметтік қолдау, медициналық көмек және білім беру саласындағы кешенді жұмыс халық арасында кеңінен түсіндіруді қажет ететінін айтты. Сондай-ақ қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған нысаналы ақпараттық жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.
Кеңесте вандализм мен қоғамдық кеңістіктерді бүлдіруге жол бермеу шаралары да жеке қаралды.
Ішкі істер министрлігі вандализм фактілерінің жолын кесу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Мәдени мұра ескерткіштері мен табиғи нысандарды бүлдіру деректері бойынша 11 қылмыстық іс тергелген.
Еріктілермен бірлесіп есірткі граффитиі деп аталатын 80 мың сурет пен жазу өшірілген. Есірткіні насихаттау және жарнамалау бойынша 81 қылмыстық іс қозғалып, 19 адам сотталған.
«Есірткіге жол жоқ» цифрлық сервисі арқылы азаматтар полицияға 150 құқық бұзушылық фактісі жөнінде хабарлаған. Нысандарға жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы да мониторинг жүргізіледі.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы саладағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстарын таныстырды. Қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазулар мен суреттер салуға тыйым енгізу және бұл талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылды.
Премьер-министр қалалардағы вандализм мен бұзақылықтың сорақы көріністерінің жолын кесу жөніндегі жұмыстың маңызын атап өтіп, тиісті тапсырмалар берді.
«Ішкі істер министрлігі вандализм мен бұзақылықты болдырмау үшін қоғамдық орындарға зиян келтіретін “граффитидің” барлық түрлеріне толық тыйым салу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындауы қажет», – деді Олжас Бектенов.
Президенттің құрылыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады.
Әлеуметтік инфрақұрылымның ауқымды құрылысы аумақтарды кешенді дамыту қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұзушылықтардың алдын ерте сатыда алуға басымдық беріліп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы күшейтілген.
Жыл басынан бері жоспарлау, жобалау және құрылыс процестерін цифрлық сүйемелдеуге арналған бірыңғай құрылыс порталы қолданысқа енгізілген. Жобаларды сараптау кезеңіне жасанды интеллект құралдарын енгізу бойынша да жұмыс жүріп жатыр.
Елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерге тарату аясында барлық облыста урбанистика саласындағы ұйымдар құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Әкімдіктер 2026-2027 жылдарға арналған жол карталарын бекіткен. Құжаттар қалалық кеңістікті дамытуға заманауи тәсілдер енгізуді, қолайлы орта қалыптастыруды және қалалардың келбетін жақсартуды көздейді.
Жаңа Құрылыс кодексінде елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастырудың міндетті құралы ретінде дизайн-код бекітілген.
«Мемлекет басшысы Қазақстанның үлкен құрылыс алаңына, жасампаздық мекеніне айналуы қажеттігін және құрылыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету керектігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Үкімет құрылысты қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек. Міндетін адал атқармайтын мердігерлерге қатысты қатаң жауапкершілік шараларын қолдануды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.
Өнеркәсіп министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп әр құрылыс нысанына қатаң бақылау және мониторинг жүргізуі тиіс. Жобалық стандарттардың сақталуы мен инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысының жоғары сапасын қамтамасыз ету де тапсырылды.
Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңейту жұмысын ұйымдастыру жөнінде де тапсырмалар берілді.
«Аталған орталық қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобаларды, қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді дайындайтын маңызды құрылым болып табылады», – деді Премьер-министр.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жол инфрақұрылымының жағдайы мен оның сапасын жақсарту шаралары туралы баяндады.
Министрлік мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы талаптарға сәйкес келеді. Облыстық және аудандық жолдарда бұл көрсеткіш 91%-ды құрайды. Елді мекендердегі көшелердің 71%-ы талапқа сай.
Жол желісінің жағдайына қатысты түскен өтініштердің шамамен 58%-ы жергілікті жолдарға тиесілі. Соның ішінде 47%-ы елді мекендердегі көшелерге қатысты.
Құрылыс сапасын арттыру және автожол саласын дамыту үшін пайдаланылатын материалдардың бірыңғай базасы құрылған. Битумды қолдану тәсілдері қайта қаралып, құрылыс кезінде сапаны бес сатылы бақылау енгізілген. Мердігерлердің жауапкершілігі де күшейтілді.
Жобалардың басымдығын ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын жұмсауға қатысты жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы қалаішілік жолдарға, сондай-ақ ірі және шағын қалалардан тыс орналасқан жолдарға ерекше назар аударуды тапсырған.
Көлік министрлігіне өңір әкімдерімен бірге қалааралық және республикалық жолдардың сапасын қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ халықтың шағымдарына жедел ден қою, жобалардың тоқтап қалуына және оларды іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу міндеті қойылды.
Президент тапсырмаларын орындау бойынша барлық жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Соңғы жаңалықтар