Қытайлық анасын жерлеуге сәтсіз күн таңдап берген ЖИ-ді сотқа берді

21.09.2026 15:01 Қарақат АСЫЛОВА
Қытайлық анасын жерлеуге сәтсіз күн таңдап берген ЖИ-ді сотқа берді
270
Фото: scmp.com

Қытай тұрғыны анасының жерлеу күнін ұсынған чатботтың әзірлеушісін сотқа берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясының тұрғыны анасының жерлеу күнін таңдауға көмектескен жасанды интеллект компаниясын сотқа берді. Jimu News мәліметінше, ол чатботтың кеңесін отбасындағы кейінгі қайғылы оқиғамен байланыстырып отыр.

Цзяшань уезінде тұратын Ши есімді ер адамның анасы сәуірде кенеттен сырқаттанып, қайтыс болған. Бес баланың кенжесі Ши анасын жерлеуге қолайлы күн іздеген.

Қытайда кей адамдар маңызды істердің уақытын дәстүрлі күнтізбеге қарап белгілейді. Ондағы «сәтті күндер» аспан денелерінің қозғалысы туралы ежелгі нанымдарға негізделген.

Шидің отбасы фэншуй маманымен кеңесіп, бастапқыда жерлеу рәсімін 20 сәуірге жоспарлаған. Алайда бұл анасы қайтыс болғаннан кейінгі төртінші күнге сәйкес келген. Жергілікті нанымда жұп санды күндер сәтсіз саналғандықтан, Ши чатботтан кеңес сұраған.

Жасанды интеллект жерлеуді 19 сәуірге белгілеуді ұсынған. Сондай-ақ жерлеу шеруі басталмас бұрын қағаз аттар мен қағаз ақша өртеуге кеңес берген. Дәстүрлі түсінік бойынша, бұл рәсім марқұмды о дүниеге сапарында қажет заттармен қамтамасыз етеді.

Ши кеңесті орындағанымен, кейін жерлеу уақытын нақтылағанда бір-біріне қайшы жауап алған. Чатбот таңғы сағат 7:00–9:00 аралығын ұсынып, сонымен бірге 19 сәуірдің қолайлы күн емес екенін айтқан.

Ол кезде Ши туыстарына жерлеу уақытын хабарлап қойғандықтан, күнін өзгерте алмаған.

Жерлеуден көп ұзамай оның туыстарының бірі жол апатынан ауыр жарақат алған. Апаттың нақты қашан болғаны көрсетілмеген. Отбасының кей мүшелері мұны жерлеу күнімен байланыстырып, сол күн әулеттің фэншуйін бұзып, бақытсыздық әкелді деп сенген.

Ши бұған дейін де чатботты жиі пайдаланған, соның ішінде жұмысқа қатысты келісімшарттарды реттеуге қолданған. Оның пікірінше, жасанды интеллект жаңылыстыратын кеңес беріп, отбасындағы қарым-қатынастың нашарлауына ықпал еткен.

Ер адам бағдарламаны әзірлеген Beijing Chuntian Zhiyun Technology компаниясынан кешірім сұрауды және өтемақы төлеуді талап етіп отыр. Талап етілген соманың мөлшері жарияланбаған. Ал сотқа беруге қажет құжаттарды дайындауға және сотқа жүгіну тәртібін түсіндіруге сол чатботтың өзі көмектескен.

Компанияның пайдалану шарттарында жасанды интеллект жасаған мазмұн тек анықтама ретінде берілетіні және кәсіби кеңес болып саналмайтыны жазылған. Бағдарламаны қолданған адам қызмет көрсету келісімін қабылдаған болып есептеледі.

Іс жуырда жергілікті сотта қаралған, сот талқылауы әлі жалғасып жатыр. Компания интернет арқылы құқық бұзушылық жасамағанын мәлімдеген.

Ши болса, пайдаланушы келісімі жауапкершілікті әділетсіз түрде қолданушыға жүктейді деп санайды. Ол ескертулердің жеткіліксіз екенін және жасанды интеллект сүйенетін ақпарат көздері тиісінше тексерілмейтінін алға тартқан.

Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген.

«Жасанды интеллект – тек құрал. Оның жауаптарын өз бетінше бағалай алмайтын адамдарға қиын», – деп жазды бір қолданушы.

«Бір қызығы, бұл адам жасанды интеллект компаниясын сотқа беру үшін жасанды интеллектіні пайдаланып отыр. Осылай жалғаса берсе, адамдар сот дауларында жасанды интеллект заңгерлерге де жүгінетін шығар», – деп пікір білдірді тағы бір қолданушы.

Войдите, чтобы оставить комментарий