Бельгияның Алматыдағы құрметті консулы қазақстандық әйелді соққыға жықты деген айыпқа ілікті

20.05.2026 11:55 Мөлдір Қайнар
Бельгияның Алматыдағы құрметті консулы қазақстандық әйелді соққыға жықты деген айыпқа ілікті
169
Фото: ашық дереккөз

Бельгияның Алматыдағы құрметті консулы Денис Ван ден Вейх қазақстандық әйелді соққыға жықты деген айыпқа ілікті. Алайда кейін қылмыстық іс тоқтатылған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы қазақстандық журналист Михаил Козачков мәлімдеді. Оның айтуынша, наурыз айында түнгі уақытта Ван ден Вейх Айдана есімді қазақстандық әйелмен жанжалдасқан. Әйел полицияға арыз жазып, консулдың өзін шашынан сүйреп, тұншықтырғанын айтқан. Оқиға Алматыдағы оның пәтерінде болған.

Аталған дерек бойынша «Ұрып-соғу» бабы негізінде іс тіркелген. Алайда кейін жәбірленушінің өтінішімен іс тоқтатылған.

Денис Ван ден Вейх бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, жеке сипаттағы жағдайлар мен сотқа дейінгі тергеу материалдарына түсініктеме беруді қажет деп санамайтынын айтты.

«Заңда қарастырылған барлық процессуалдық тексерулер уәкілетті органдар тарапынан жүргізілді. Нәтижесінде іс қозғалған күні заң аясында тоқтатылды. Себебі арыздағы физикалық күш қолдану туралы ақпарат расталмады», – деді ол.

Мәліметке сәйкес, Денис Ван ден Вейх 1984 жылы Бельгияда туған. Ол Левен католик университетінде химиялық инженерия мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежесін алған.

2018 жылдың шілдесінен бастап «Құрметті консулдар қоғамы» республикалық қоғамдық ұйымы басқармасының төрағасы қызметін атқарады. Ал 2020 жылдан бері «Каз-Диа-Тест» ЖШС-нің атқарушы директоры болып жұмыс істейді.

Войдите, чтобы оставить комментарий