Бейіт басында ән салған Марат Омаровтың қызы сынға қалды

19.05.2026 12:35 Мөлдір Қайнар
Бейіт басында ән салған Марат Омаровтың қызы сынға қалды
615
Фото: видеодан скриншот

Танымал композитор Марат Омаровтың қызы, әнші Зарина Омарова әлеуметтік желідегі видеосымен қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі жуырда Сәкен Майғазиевтің анасына арнайы барып, батасын алған. Кейін Шымкентке барған сапарында марқұм әжесінің бейітіне зиярат етіп, сол жерде «Анашым» әнін орындаған.

«Шымкентке келген сайын апамның басына міндетті түрде соғып кетемін. Кеше Сәкен ағамның анасының батасын алып, бүгін өз апама барып, сағынышымды басып қайттым», – деп жазды Зарина Омарова.

Алайда әншінің бұл әрекеті желіде түрлі пікір туғызды. Кейбір қолданушылар бейіт басында ән айту қазақы танымға жат екенін айтып, сын пікір қалдырған.

«Әруақтарға дұға бағышталады», «Бейіт басында ән айтпайтын едік» деген пікірлер де жазылды.
Ал әншінің әкесі, «Анашым» әнінің авторы Марат Омаров қызына қолдау білдіріп, марқұм анасына дұға арнаған. Оның айтуынша, биыл өмірден өткен анасы тірі болғанда 100 жасқа толар еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий