"Бейсбол битасымен 28 рет соққан": Семейде әйелін аяусыз өлтiрдi деген күдікті ұсталды

29.07.2026 10:13 Мөлдір ҚАЙНАР
209
Фото: әлеуметтік желі

Семейде 52 жастағы әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтiрдi деген күдiкпен оның күйеуi қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жақындарының айтуынша, қаскөй жұбайының ажырасайық деген сөзін көтере алмай, қыр соңынан қалмай жүрген. Қайғылы оқиға келіншектің жұмыстан шыққан сәтінде болған.

"Битамен басынан ұрды. Сосын қабырғасын, қолдың он саусағын, екі-үш жерден сүйектерін сындырды. Жанбасын сындырды. Арқасының бәрі көкпеңкөк. Судмедэкспертизаны оқығанда 27-28 соққы жасағаны белгілі болды", – деді марқұмның туысы Жанна Нұрғазинова.

Марқұмның жақындары күдіктінің бұрын да ішімдік ішіп, үйдің берекесін қашырғанын айтады. Ерлі-зайыпты сәуірде бейбіт түрде бөлек кеткенімен, күйеуі әйелі мен балаларының киімдері мен құжаттарын өртеп, соңынан қалмай қойған.

"Соттың әділ өтуін талап етеміз. Менің апайымның артынан ол аңдыды, соқты. Сталкинг жасалды, қорлық көрсетілді. Ең жоғарғы жаза берілуін талап етеміз", – дейді Жанна Нұрғазинова.

Қашып кетпек болған күдікті көп ұзамай ұсталды. Бұл қайғылы жағдай артында қалған екі кәмелетке толмаған балаға ауыр соққы болып тиді. Оқиғадан соң 12 жастағы қызы тұтығып сөйлейтін болса, 16 жастағы ұлы да психологиялық соққы алған.

Войдите, чтобы оставить комментарий