Бібігүл Төлегенова Құрылтай сайлауында үйінде дауыс берді
Алматыда 96 жастағы белгілі опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова жаңа Құрылтай сайлауына қатысты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Kazinform-ға сілтемемен.
№559 сайлау учаскесінің өкілдері өнер иесінің шаңырағына арнайы барды. Олар әншінің өз тұрғылықты жері бойынша сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасады.
Халық әртісі таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, сайлаудың өткізілуін қолдайтынын жеткізді.
«Бұл – Құрылтайға арналған алғашқы сайлау. Мұны өте дұрыс деп санаймын. Қазақстан – көпұлтты республика, әр мемлекеттің өз ұлттық мүддесі бар және бізде де өз Құрылтайымыз болуы керек. Сондықтан Құрылтай сайлауын қолдаймын. Өз таңдауымды жасап қойдым. Дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын», – деді Бибігүл Төлегенова.
Өнер майталманы өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған шаралардың маңызына жеке тоқталды. Сонымен қатар ол аға буын өкілдеріне де көбірек көңіл бөлуге шақырды. Әншінің айтуынша, қарт адамдар да ел дамуы мен кейінгі ұрпақтың болашағына үлкен үлес қосқан.
Сөз соңында халық әртісі Қазақстанға бейбітшілік пен амандық тіледі.
«Ең бастысы, төбемізде әрдайым бейбіт әрі ашық аспан болсын. Біздің тату, бейбіт әрі көпұлтты мемлекетімізде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуге ештеңе кедергі келтірмесін», – деп толықтырды ол.
Айта кетейік, 23 тамызда Қазақстанда ел тарихындағы тұңғыш бірпалаталы жаңа Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бүкіл ел бойынша сайлау учаскелері ашылып, дауыс беру кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады.
Соңғы жаңалықтар