"Бір күнде көлік пен ақшамнан айырылдым": Дана Нұржігіт алаяқтар құрбаны болғанын айтты

05.10.2026 • 20:10 Томирис САҒЫНДЫҚ
144
Фото: видеодан скриншот

Танымал журналист әрі тележүргізуші Дана Нұржігіт өзінің басынан өткен күрделі кезеңдері мен ұлының психологиялық қолдауы туралы сыр шертті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы тележүргізуші Айсәуле Бақытбекке берген сұқбатында айтты. 

«Менің балам ол кезде 13 жаста еді. Басында: «Мама, қандай болса да, жанымда әкемнің болғанын тілеймін» деп айтып жүретін. Кейіннен өзінің де көңілі қайтты. Сол бір қиын сәттерде балам екеуіміз бір шепте болып, бірге болдық. Ол менің ең бірінші тірегім болды. Одан кейін дәл ол оқиға аяқтала бергенде, жығылғанға жұдырық болғандай, басымыздан тағы бір оқиға өтті: балам екеуіміз телефон алаяқтарының қақпанына түсіп қалдық. Бір күнде көлігімнен де, біршама ақшамнан да айырылдым. Екеуміз де мүлде жаяу, қара жаяу қалдық. Сонда мен Жаратушыға кәдімгідей жалбарынып: «Маған көрсетпеген тағы нең қалды?» – дедім. Сонда балама: «Мамаң көлігінен айырылып қалды...» – деп едім, ол қасыма келіп: «Мама, мен сіздің көз жасыңызды да көрдім. Мен сіздің депрессияңызды да көрдім. Бірақ мен сіздің сынғаныңызды көргім келмейді», – деді. Енді 13-тегі балаң осылай айтып тұрғанда қалай сынасың? Сосын ол: «Ештеңе етпейді, мама. Сенде бұдан да керемет көлік болады. Сенде бұдан да керемет өмір болады», – деді. Сол сәтте отырып алып, баламнан кешірім сұрадым. Ал ол маған: «Әй, мама, неге кешірім сұрап жылайсыз? Сіз жай ғана бақытты болғыңыз келді ғой», – деді. Кітап сонымен бітеді, сол сөзбен бітеді. 13-тегі бала! Қараңызшы!» – деді Дана Нұржігіт.

Осы ретте журналист еңбек пен аналық парыздың қатар жүруі туралы ой толғайды.

«Енді ол баланың құқықтық сауаттылығы, адамның өзін-өзі таптатпауы, әйел адамның қаншалықты нәзік екенін және сол нәзіктігіне қарамастан үйде де, түзде де еңбектенуге мәжбүр екенін түсінуі таңғалдырады. Ол маған: «Мама, сіз көп жұмыс істейсіз. Үйде отырыңызшы, мен сізді сағынамын», – дейді. Мен оған: «Балам-ау, мен жұмыс істемесем, бізді кім асырайды?» – деймін. Иә, біздің мына эфирге шығып, әдемі болуға тырысып, жасымызға да, кейде тіпті шаршағанымызға да қарамай, кадр сыртында болып жатқан қиындықтарға да қарамай, жүзімізді, көзіміздің жасын бір сыпырып қойып, әдемі болып жүргеніміз – бұл біздің адал нанымыз. Құдай тіл бергеннен кейін, осы кәсіпке әкелгеннен кейін бәрі адалынан болсын дейсің ғой, балаңа адал нан жегізгің келеді. Әрине, балам соның бәрін күндердің бір күнінде бағалайды, түсінеді деп есептеймін, түсініп те жатыр. Бірақ өзінің қолынан келгенше, оның қолдауы – сөзбен демеу болып отыруы. Нан таба алмайды ол әлі, кішкентай. Бірақ «Мама, сіз жай ғана бақытты болғыңыз келді ғой» деген сөздің өзі маған үлкен демеу» – деді Дана Нұржігіт.

Войдите, чтобы оставить комментарий