Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінінен миллиондап ақша талап етті: сот не шешті?

05.10.2026 • 11:00 Әсел МҰРАТ
Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінінен миллиондап ақша талап етті: сот не шешті?
190
Фото: ашық дереккөз

Елорда соты Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қаһарманға қатысты қаржылық дауы бойынша шешім шығарып, талап-арызды ішінара орындады, деп хабарлайды Politico.kz.

Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметінше, 2023 жылдың қарашасында Альмира Нұрлыбекова жеке меншігіндегі нысанды сенімгерлікпен басқару үшін бұрынғы келініне 2029 жылдың қазан айының соңына дейін табыстаған. Келісім талаптарына сәйкес, аталған мүлік иесінің мүддесіне сай басқарылуы тиіс еді.

Алайда талапкер сотта Қаһарманның ғимаратты жалға беріп, одан пайда тауып отырғанын, бірақ түскен қаржыны өзіне бермегенін алға тартты. Сонымен қатар, сенімгерлік басқару жөніндегі нақты есептер мен растаушы құжаттардың ұсынылмағанын айтты.

Талапкер мен жауапкердің уәжі

Нұрлыбекованың өкілі соттан Назым Қаһарманның («NazKa») жеке кәсіпкерлігінен келісімшартты бұзғаны үшін 14 миллион теңгеден астам қаражатты, сондай-ақ 247 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік баж бен өкілге төленген 800 мың теңге шығынды қайтаруды талап етті.

Ал Назым Қаһарман бұл айыптармен келіспей, талап-арыздың негізсіз екенін, сұралып отырған соманың ешбір дәлелі жоқтығын айтып, істі тоқтатуды сұрады.

Сот қаулысы

Тараптардың қаржылық құжаттарын, жалға алушылардан түскен ақша қозғалысын және жасалған шығыстарды зерделеген сот талапты толық көлемде емес, тек ішінара орындауға шешім қабылдады.

«NazKa» ЖК-ден 6 665 391 теңге, мемлекеттік баж ретінде 66 654 теңге және соттағы өкіл қызметіне жұмсалған 666 539 теңге өндірілсін», - делінген сот мәліметінде.

Қалған соманы өндіруден сот бас тартты. Өйткені судья тек ресми түрде дәлелденген, жауапкердің қолына тиіп, иесіне қайтарылмаған және басқару келісіміндегі міндеттерге жұмсалмаған нақты соманы ғана есепке алды.

Аталған сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ, тараптардың оған апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Войдите, чтобы оставить комментарий