Биыл 133 мың бала колледжге тегін оқуға түседі

18.08.2026 11:04 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Биыл 133 мың бала колледжге тегін оқуға түседі
72
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында 2026 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студент қабылданатыны белгілі болды. Бөлінген орынның 70%-ы техникалық бағыттарға бағытталады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Ол елдегі техникалық және кәсіптік білім берудің қазіргі жағдайына тоқталды.

«Елімізде 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студентті қабылдау жоспарлануда. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталатын болады. Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде, кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздей отырып, 10 мыңнан астам студентті қабылдау жоспарлануда», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзіне қарағанда ведомство жұмыс берушілермен бірлесіп жаңа бағдарламалар әзірлеген. Нақтырақ айтсақ кәсіптік және Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары ескерілген. Оған қоса WorldSkills талаптарына сай келетін шамамен 500 бағдарлама жаңартылды.

Сонымен қатар 27 колледжде арнайы бағалау рәсімі өткен. Онда білім беру бағдарламаларының халықаралық салалық және кәсіптік талаптарға сәйкестігі тексерілді. Аккредиттеу қорытындысы бойынша 134 педагог пен 347 студент халықаралық сертификаттарға ие болды.

Жыл басынан бері шетелдік оқу орындарымен 80-ге жуық меморандум мен келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар академиялық ұтқырлық пен халықаралық салалық аккредиттеу мәселелерін қамтиды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында мектептерге қатысты да маңызды ақпарат айтылды. Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде бірнеше жаңа міндетті пән оқытылатын болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий