"Біз таратқан жоқпыз": Ақтаудағы асаба жанжалға қатысты алғаш рет пікір білдірді
Ақтау қаласында асаба мен оның жұбайы әлеуметтік желіде тараған даулы видеоға байланысты алғаш рет пікір білдірді. Ерлі-зайыптылар блогер Жан Ахмадиевке сұхбат берген, деп хабарлайды Politico.kz.
Соңғы күндері желіде кең тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырып, түрлі пікірлерге себеп болды. Қолданушылар арасында бұл жағдайға қатысты әртүрлі көзқарас қалыптасты.
Асабаның жұбайы Алма бұл оқиғаның өзіне ауыр тигенін жасырмады.
«Қазір өте қиын. Осындай видео түсіргенімізге өкініп отырмын. Өзімнің ата-анам жоқ, сондықтан бәрін жалғыз көтеру ауыр. Тіпті жаман ойлар да келді. Бұл видеоны түсіру идеясы жолдасымнан шықты. Бірақ ондай нәрсе көп адамның өмірінде болады деп ойлаймын. Әр әйел өз күйеуіне қызықты болғысы келеді», – деді ол.
Ал асаба Хан видеоны әдейі таратпағанын атап өтті.
«Бұл видеоны біреу әдейі таратып жіберген. Біз оны тек өзіміз үшін түсіргенбіз, жариялау ойымызда болған жоқ», – деді ол.
Өз кезегінде блогер Жан Ахмадиев бұл жағдайға біржақты баға беруге болмайтынын айтты.
«Қазір ел ішінде қызу талқыланып жатқан видеодағы ерлі-зайыптылар бізге арнайы сұхбат берді. Пікірлер әртүрлі. Бірақ шындық әрқашан біржақты болмайды. Біз ешкімді ақтамаймыз да, қараламаймыз да. Тек оқиғаны олардың өз аузынан жеткізуді жөн көрдік», – деп жазды ол.
Қазіргі таңда бұл жағдай әлеуметтік желіде әлі де қызу талқыланып жатыр.
Соңғы жаңалықтар