Блогер Жанәбілов пен Төлегенованың отбасылық дауы: сот неге жабық өтті?

01.10.2026 • 17:35 Әсел МҰРАТ
Блогер Жанәбілов пен Төлегенованың отбасылық дауы: сот неге жабық өтті?
218
Фото: әлеуметтік желіден

Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында танымал блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты әкімшілік іс қаралды. Сот отырысы ерлі-зайыптының өтініші бойынша БАҚ өкілдерінсіз, жабық өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бастапқыда сот отырысы ашық форматта өтеді деп хабарланған болатын. Алайда сот ғимаратына келген журналистерге іс тараптардың қатысуынсыз, онлайн режимде қаралатыны айтылды. Артынша, қысқа үзілістен кейін, шамамен 15 минут ішінде Ерболат Жанәбілов іс құжаттарымен бірге сот залына жеткізілді.

Сот процесі бастала салысымен судья тараптарға БАҚ өкілдерінің қатысып отырғанын ескертіп, олардың пікірін сұрады.

«Сот отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып жатқанын сізге және жәбірленушіге бірден ескерткім келеді. Олардың қатысуына байланысты сіздің және Жанәбіловтің пікірін білуім қажет», – деді судья.

Өз кезегінде Ерболат Жаңабылов соттан оны суретке және видеоға түсіруге тыйым салуды әрі процесті журналистердің қатысуынсыз өткізуді өтінді.

«Бұл бәрібір де жеке мәселе. Сондай-ақ бұл сот процесіне журналистердің қатыспауын сұраймын, өйткені бұл – жеке өмір, отбасылық қарым-қатынас. Мұны олардың жалпы білмегені жөн деп санаймын», – деді блогер.

Эльмира Төлегенова да бұл отбасылық мәселе екенін алға тартып, істің жабық есік жағдайында өтуін қалайтынын жеткізді. Осыған байланысты судья екі тараптың да өтінішін қанағаттандырып, сот процесі жабық өтетінін мәлімдеді және БАҚ өкілдерінен сот залынан шығуды сұрады.

Бұған дейін ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал болғаны белгілі болған. Алайда Эльмира Төлегенова полицияға арыз жазудан бас тартқан.

Еске сала кетейік, Астанада блогерлер Ерболат Жаңабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шыққан еді:

Ерболат Жанәбілов Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)») бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, жаза шартты деп белгіленіп, барлық мерзімге пробациялық бақылау орнатылған.

Эльмира Төлегенова да осы баптар бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 2 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда оның жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге шегерілген.

Войдите, чтобы оставить комментарий