Олжас Бектенов Лукашенкомен кездесті

01.10.2026 • 16:49 Қанат АЙБАР
Олжас Бектенов Лукашенкомен кездесті
101
Фото: Үкімет

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Беларуське ресми сапармен барып, Президент Александр Лукашенкомен кездесіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Беларусь Премьер-министрі Александр Турчинмен келіссөздерде сауда, өнеркәсіп және көлік саласындағы бірлескен жобалар талқыланды.

«Статистикалық деректерге сәйкес өткен жылы тауар айналымының өсімі 27,7%-ды, осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 20%-ды құрады. Өзара іс-қимылды одан әрі ұлғайта түсуге, жеткізілетін өнімдердің, оның ішінде теміржол машинасын жасау саласындағы тізбесін кеңейтуге тың мүмкіндіктер бар», — деді Олжас Бектенов.

2025 жылы екі елдің тауар айналымы шамамен 1,2 млрд долларды, биылғы жеті айда 723 млн долларды құрады.

«Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде өзара сауда-саттықтың тұрақты өсімі байқалуда. Беларусь-Қазақстан үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тиімді жұмысы экономикалық өзара іс-қимылдың оң серпінін қамтамасыз етіп отыр», — деді Александр Турчин.

Екі елдің өнеркәсіптік әріптестігі аясында 200 млн доллардан астам сомаға 13 жоба жүзеге асырылды. Қазақстанда «Беларусь» тракторлары мен «Гомсельмаш» комбайндары шығарылады. Қазақстан Беларуське өсімдік майлары мен дайын бакалея өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға дайын екенін білдірді.

Биылғы 7 айда екі ел арасындағы теміржол тасымалы 18,7%-ға өсіп, 4,8 млн тоннаға жетті.

Келіссөздер қорытындысында Қостанай және Гродно, Павлодар және Минск, Павлодар және Гомель, Түркістан және Могилев облыстары арасындағы ынтымақтастық құжаттарына қол қойылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий