Астанада жылыту маусымы 2 қазаннан басталады

01.10.2026 • 17:06 Мөлдір ҚАЙНАР
Астанада жылыту маусымы 2 қазаннан басталады
72
Фото: Freepik

Астана қаласында 2026–2027 жылдарға арналған жылыту маусымы ресми түрде 2 қазанда басталады. Тиісті қаулыға елорда әкімі қол қойды, деп хабарлайды «Астана-Теплотранзит» АҚ-на сілтеме жасаған Politico.kz.

Жылу беру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқы кезекте әлеуметтік нысандар — балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен емханалар жылу желісіне қосылады. Осыдан кейін ғана қаладағы тұрғын үйлер мен өзге де нысандарға жылу беріле бастайды.

«Астана-Теплотранзит» мамандары жаңа маусымға толық дайын екендіктерін мәлімдеді. Дайындық жұмыстары аясында жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізіліп, анықталған ақаулар жойылды және жөндеу-жаңғырту шаралары толық көлемде орындалды.

Бұған дейін, 29 қыркүйекте Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Астана мен еліміздің тағы төрт өңірінде жылыту маусымы осы аптаның соңына дейін басталуы тиіс екенін хабарлаған еді.

Айта кетерлігі, жылу беру науқаны ауа райының әлі де біршама жылы кезеңіне сәйкес келіп отыр. Синоптиктердің болжамынша, 1 қазанда елордада күндізгі ауа температурасы +16 °C-қа дейін көтеріліп, түнде шамамен +6 °C жылы болады. Жалпы, қазан айындағы орташа температура климаттық нормадан бір градусқа жоғары болады деп күтілуде.

Елорда әкімдігі бұған дейін жылу беру туралы шешім ауа райының құбылуына, әсіресе тәуліктік орташа температураның тұрақты төмендеуіне байланысты қабылданатынын түсіндірген болатын.

Салыстыру үшін айтсақ, былтыр Астанадағы 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталып, 22 сәуірде аяқталған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий