БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті

07.08.2026 16:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті
298
Фото: gov.kz

Батыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелердің бірнеше басшысы жемқорлық күдігімен ұсталғаннан кейін қызметінен шеттетілген облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы Мадияр Өтешов өз еркімен жұмыстан кетті, деп хабарлайды Politico.kz.

«Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің 2026 жылғы 3 маусымдағы өкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешов ведомствоға қарасты мекемелердің қызметін тиісінше бақыламағаны үшін 1 ай мерзімге қызметінен уақытша шеттетілді, ал кейіннен ол өз еркімен жұмыстан босатылды», – деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Мадияр Өтешовтің жұмыстан шеттетілуін сәуір айының соңында өңірдегі 7 бірдей медициналық мекеме басшысының құрықталуымен байланыстырған болатын. Олар ірі жекеменшік медициналық зертхана мен басқа да өнім жеткізушілерден қамқорлығы үшін жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінген.

Қазіргі уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін Айнаш Ғұбайдуллина уақытша атқарып жатыр. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолын балалар дәрігері болып бастап, кейіннен облыстық басқармада ана мен бала денсаулығын сақтау бөлімінің бас маманы және жетекшісі болған. Осы жаңа міндетіне тағайындалмас бұрын ол ведомство басшысының ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий