«Бұл – менің мамандығым!»: Жұлдыз Әбдікәрімова Азамат Сатыбалдымен түскен суреттеріне шүйліккендерге жауап берді
Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желіде өзі мен актер Азамат Сатыбалдының бірге түскен фотосуреттерін сынға алған оқырмандарға жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Желі қолданушыларының бір бөлігі актрисаның отбасылы екенін алға тартып, өзге ер азаматпен бірге фотосессия жасап, сахнаға шығуын айыптаған болатын. Өнер иесі бұл жағдайға кәсіби тұрғыдан қарау керектігін айтып, актерлікті дәрігерлік мамандықпен салыстырды. Оның пайымдауында, сахнадағы серіктестік пен кәсіби міндетті жеке өмірмен шатастыруға болмайды.
«Бұл – менің мамандығым! Мәселен, сіз дәрігерсіз. Хирург. Сонда алдыңызға жаны қиналып, ота жасауға келген науқасқа: "Кешіріңіз, мен тұрмыстағы адаммын, күйеуім (әйелім) бар. Өзге еркекке (әйелге) ота жасамаймын" дейсіз бе?» – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.
Сонымен қатар актриса соңғы кездері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің отбасына қатысты түрлі қауесеттердің жиілеп кеткенін тілге тиек етті. Ол рейтинг қуған парақшалар мен басылымдарға қатаң ескерту жасап, жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретінін жеткізді.
«Рейтинг қуамын деп, отбасыма, жеке басыма қатысты жалған ақпарат таратып, сотта кездесіп жүрмейік», – деп түйіндеді сөзін актриса.
Соңғы жаңалықтар