«Бұл жай сәйкестік емес, тағдыр»: Айгүл Иманбаева жолдасымен қалай танысқанын айтты
Танымал әнші Айгүл Иманбаева жолдасы Ерланмен алғаш қалай танысқанын айтып, махаббат хикаясымен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жұбайымен бірге видео жариялап, тағдыр қосқан сәтті еске алды.
Ерлі-зайыптылардың айтуынша, олардың жолы екі жылдан астам уақыт бұрын АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында, Жаңа жыл қарсаңында түйіскен. Қызығы, олар бір аптаға жуық уақыт көрші үйлерде тұрғанымен, бір-бірін мүлде кездестірмеген.
Ерлан сол кезде қызы Аружанмен бірге достарының үйіне қонаққа келген. Ал Айгүл Иманбаева Лондонда білім алып жүрген кезінде ұлы мен келінімен Нью-Йоркке барған екен.
«Бізді бір ғана қабырға бөліп тұрды. Соған қарамастан, бір-біріміздің сол жерде жүргенімізді білмедік. Тек 31 желтоқсан күні жолықтық», – деді Ерлан.
Айгүл Иманбаева бұл кездесуді кездейсоқтық емес, тағдырдың жазуы деп қабылдайтынын айтты.
«Мен мұны жай сәйкестік емес, тағдыр деп қабылдаймын. Әр адамның маңдайына жазылған жолы болады. Бізді бір-бірімізге Нью-Йоркте жолықтыру бұйырыпты», – деді әнші.
Желі қолданушылары ерлі-зайыптылардың таныстық тарихына сүйсініп, жылы лебіздері мен ақ тілектерін жаудырды.
Соңғы жаңалықтар