Бурабайда туристерді тасымалдаған электроавтобус тізгінінде куәлігі жоқ мас жүргізуші ұсталды

10.08.2026 20:00 Қанат Айбар
Бурабайда туристерді тасымалдаған электроавтобус тізгінінде куәлігі жоқ мас жүргізуші ұсталды
343
Ашық дереккөздерден

Ақмола облысы Бурабай кентінде полиция қызметкерлері ішімдік ішіп алып 5 жолаушысы бар серуендеуге арналған электроавтобусты басқарған ер адамды құрықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Патрульдік полиция ротасы қызметкерлерінің назарын артқы жарық шамдары қосылмаған көлік аударған. Оны тоқтатып тексеру кезінде салон ішінде жергілікті демалыс орындарының бірінен келе жатқан 5 адам бары анықталды. Жүргізушімен тілдесу барысында спирттік ішімдіктің иісі шыққанын байқаған тәртіп сақшылары оны бірден медициналық сараптамадан өтуге бағыттаған.

«Бастапқыда жүргізуші өзі туралы мәлімет беруден бас тартқанымен, кейін қажетті рәсімдерден өтуге келісті. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, оның орташа деңгейдегі мас күйде болғаны расталды, сонымен қатар ер адамның бұған дейін де көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Ұсталған азаматтың өз сөзіне қарағанда, ол демалыс аймақтарының бірінде тағылымдамадан өтіп жатыр және таныстарын курорттық аумақта қыдыртып қайтуды жөн көрген. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұл дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.

Войдите, чтобы оставить комментарий