Чернобыльдегі дрон соққысы: Украина герметикалық арканы қалпына келтіруге кірісті

Чернобыльдегі дрон соққысы: Украина герметикалық арканы қалпына келтіруге кірісті
16.04.2025 12:31
0
234
Украина дрон шабуылынан кейін радиациялық қауіптің алдын алмақ

Чернобыльде дрон соққысы: Украина қауіпті гермоконтейнерді қалпына келтіруге кірісті, деп хабарлайды POLITICO.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

14 ақпан күні Чернобыль атом электр стансасына жасалған дрон шабуылы Украинаны алаңдатқан басты мәселелердің біріне айналды. Шабуыл кезінде станса үстіндегі герметикалық арка ядролық қалдықтарды оқшаулап тұрған басты қорғаныс зақымданды. Қазір Украина бұл стратегиялық маңызды нысанды қалай қалпына келтіруге болатынын шұғыл зерттеуде.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар министрі Светлана Гринчук Чернобыль стансасы маңында өткен күн электр стансасының ашылу рәсімінде сөйлеп, ел алдында алғаш рет жағдайды ашық мәлімдеді.

— Өкінішке қарай, арканың кей бөліктері өз міндетін толық атқара алмай отыр. Бұл – жай ғана техникалық ақау емес, бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қауіп. Қазір сарапшылармен бірге жағдайдың толық сараптамасын жүргізіп жатырмыз. Мамыр айында нақты шешімдер қабылдауға дайын боламыз, – деді министр.

Бұл жұмысқа 2019 жылы арканы орнатуға қатысқан компаниялармен бірге Еуропалық қайта құру және даму банкі мен халықаралық зерттеу институттары да тартылған.

Аталған арка Чернобыль апатынан кейін тез арада тұрғызылған, бірақ кейін сыр бере бастаған «саркофагты» оқшаулау үшін жасалған екінші қорғаныс қабаты. Бірақ соңғы шабуылдан кейін оның үстіңгі бетінде үлкен тесік пайда болған. Ішкі жағында жарылыс орын алғаны да расталды.

Айта кету керек, Ресей тарапы бұл жағдайға қатысты өз көзқарасын да білдіріп үлгерді. Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова бұл шабуылды «арандатушылық» деп атады.

Бүгінде Чернобыль тек радиациялық қауіп емес, сондай-ақ геосаяси маңызы жоғары аумақ. 30 шақырымдық шектеулі аймақ ішінде әлі күнге дейін қаңырап тұрған үйлер, қираған инфрақұрылым бар.

Бір қызығы, Украина бұл аймақты «болашақтың аймағына» айналдыруды жоспарлап отыр. Осыған дәлел ретінде Чернобыль маңында ашылған қуаттылығы 0,8 мегаватт болатын күн электр стансасы.

— Біз Чернобыльді қасірет мекені емес, жаңғыру символына айналдыруымыз керек. Бұл жерде баламалы энергияның болашағы бар. Қазірдің өзінде алғашқы қадам жасалды, – деді Гринчук.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий