Дана Нұржігіт: Мен "креслоны" армандамайтын адаммын
Сенаттағы депутаттық өкілеттілігін аяқтаған белгілі журналист Дана Нұржігіт депутаттықтан кейінгі өмірі, басшылық лауазымға деген көзқарасы және Парламенттегі тәжірибесі туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Жанерке Сейфуллинаға берген сұхбатында мәлімдеді
Экс-депутаттың айтуынша, ол парламенттік қызметтен кейін қайтадан шығармашылық жолына оралған.
«Кеше ғана Сенаттағы өкілеттілігімді аяқтаған депутат ретінде ол жұмыстан босап, қайтадан шығармашылыққа келген адам едім. Маған, шынымды айтсам, Сенаттан кеткеннен кейін көбісі: «Сізге неге жұмыс ұсынылмаған? Сіз неге бір лауазымды, шенді, жылы жерге барып орналаспадыңыз? Сізге ештеңе ұсынбады ма?» – деген сұрақтар қойды. Тіпті мені мүсіркеген күйде сұрақ қойған адамдар көп болды. Шынымды айтсам, 3,5 жыл жұмыс істеген сол Сенат кезеңі мен үшін үлкен мектеп болды. Тағы бір университет бітіргендей болып шықтым. Және де абырой төкпей шықтым десем, қателеспеймін. Ол жерде де адал еңбек еттім. Және мен оны ешқашан атамнан қалған мұра ретінде қараған емеспін. Жалпы, мен креслоны армандамайтын адаммын», — деді Дана Нұржігіт.
Сонымен қатар Дана Нұржігіт лауазымды қызмет пен басшылық міндетке қатысты жеке ұстанымын түсіндіріп өтті.
«Бастық болу дегеніңіз – белгілі бір дәрежеде әміріңді жүргізу деген сөз. Ол бәрібір, тырнақшаға алғанда, бір қиянат жасайсың дегенді білдіреді. Адамға бірдеңені жасату үшін мәжбүрлейсің, бұйрық бересің, әміріңді жүргізесің. Менде ондай диктаторлық мінез жоқ. Шынымды айтсам, іштей демократпын, либералмын десем де болады. Сондықтан өз қателіктерім үшін жауап бергім келеді. Өзімнің алдымдағы баламның тәрбиесіне, үйімнің берекесіне жауап бергім келеді. Маған қарап отырған қызметкерлердің, маған сеніп тапсырылған жұмыстың нәтижесі үшін жауап бергім келеді. Маған үлкен биліктің қажеті жоқ. Сондықтан мен Сенатта тапсырылған жұмысты өз деңгейімде абыроймен атқарып, өз кезінде кеткен адаммын», — деді экс-депутат.
Сонымен бірге ол депуттық қызметтің журналистік кәсіби танымға тигізген әсеріне де тоқталды.
«Парламенттегі жұмыс журналиске не береді десеңіз — масштаб береді. Журналист проблеманы өз биігінде, өз деңгейінде көреді. Ал Парламент саған үлкен аналитикаға жол ашады. Сен мәселені тек бір редакцияның, бір сюжеттің аясында сараптамайсың. Мемлекет деңгейінде, тіпті халықаралық саясат деңгейінде сараптамалық материал жинайсың. Соның бәрін саралап отырған кезде, халық мінберінен сөйлеуге тура келетін кезде, бәрін жеті рет емес, 10 рет, 100 рет өлшеп барып сөйлеуің керек. Ол жердегі сөздің салмағы бөлек. Айтатын ойың мың жерден сарапталып барып айтылуы керек. Сондықтан да журналистің өткірлігі кетеді емес, керісінше, салмағы мен сөзінің салмағы артады. Ол жерде айтылатын сөздің сұрауы бөлек, бағасы қымбат. Сондықтан да сол ұстамдылық пен сабырлықты адамдар кейде жалтақтықпен шатастырады. Жоқ, олай емес. Халықаралық мінберлерден сөйлеп отырған Президентіміз, мысалы, халық алдында әрбір сөзіне есеп береді. Өзінің экономикалық серіктестерінің алдында берген серті, халық алдында берген анты бар. Сондықтан ол жердегі сөздің парқы мен бағасы өте құнды», — деді Дана Нұржігіт.
Соңғы жаңалықтар