Дариға Назарбаеваның 10,5 млн долларлық зәулім үйі қайтадан сатылымға шықты

27.06.2026 15:19 Қарақат АСЫЛОВА
Дариға Назарбаеваның 10,5 млн долларлық зәулім үйі қайтадан сатылымға шықты
282
Фото-коллаж: Politico.kz
Миллиондаған долларлық үйдегі қазақы нақыш әлеуметтік желіні қызықтырды

Әлеуметтік желіде Қазақстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаевамен байланыстырылатын Лондондағы сән-салтанатты особняктың фотосуреттері тарады, деп хабарлайды Politico.kz  сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Құны 10,5 миллион доллар болатын зәулім үй бірнеше жылдан бері сатылымда тұрғанымен, оған әлі күнге дейін сатып алушы табылмаған.

Үй Лондонның беделді аудандарының бірі – Denewood Road көшесінде, Highgate гольф-клубының маңында орналасқан. Жалпы аумағы шамамен 765 шаршы метрді құрайтын сарайда жеті жатын бөлме, алты жуынатын бөлме, бірнеше қонақ бөлмесі, бассейн, бильярд залы және қысқы бақ бар.

Желі қолданушылары үйдің сәнді интерьерінен бөлек, қазақы нақыштағы бұйымдарға назар аударған. Фотосуреттерден қазақтың кілемдері мен көрпешелері байқалып, бұл әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Аталған жылжымайтын мүлік алғаш рет 2022 жылдың наурыз айында, Қаңтар оқиғаларынан кейін сатылымға шығарылған. Сол кезде оның бағасы 11,8 миллион доллар болған. Кейін құны 10,5 миллион долларға дейін төмендетілді.

Бұл үйдің соңғы иесі ретінде Дариға Назарбаеваның есімі 2020 жылы аталған. Сол кезде Ұлыбританияның Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі аталған особняк пен тағы екі нысанға қатысты сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңдылығын тексеруге әрекет жасаған. Алайда кейін Лондон соты бұл мүлікке салынған шектеуді алып тастап, ұсынылған дәлелдердің жеткіліксіз екенін мәлімдеген. Назарбаеваның өкілдері жылжымайтын мүлік заңды табысқа, соның ішінде «Қант» компаниясындағы акцияларды сатудан түскен қаржыға сатып алынғанын айтқан.

Қаңтар оқиғаларынан кейін Дариға Назарбаева Мәжіліс депутаттығынан кетіп, қоғамдық-саяси кеңістікте сирек көріне бастады. Соңғы жылдары ол көпшілік алдына өте аз шығып жүр.

Войдите, чтобы оставить комментарий