"Дайындыққа бір тиын бөлінген жоқ": Михаил Шайдоровтың әкесі шындықты айтты

17.02.2026 09:29 Мөлдір Талғат
161
Фото: Associated Press

Әлеуметтік желіде мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі — Станислав Шайдоровтың бұған дейін жариялаған жазбасы қайта таралып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жазбада Станислав Шайдоров виза беруден бас тарту жағдайын, құжат тапсыру барысын және болашақ Олимпиада чемпионының дайындығы мемлекет қолдауынсыз, отбасының жеке қаражаты есебінен жүргізілгенін егжей-тегжейлі баяндаған.

Төменде жазба мәтіні өзгеріссіз берілді:

«Түсіндірейін! Визадан нақты емес себеппен бас тартылды. Михаилде ешқашан екінші азаматтық болған емес, қазір де жоқ. Дұрыс шақырту 2022 жылдың 13 наурызында келді. Мәскеуге шұғыл ұшып барып, елшілікке кіруге тура келді. Мұның бәрі өз қаражатымыз есебінен жасалды. ISU, жарыс ұйымдастырушылары мен федерация тарапынан көптеген өтініш хаттар жолданды. Тіпті елшіліктен өздері де бізбен байланысқа шықты. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Құжаттарды тек 2022 жылдың 17 наурызында тапсыра алдық. 2022 жылдың 21 наурызында паспорт визасыз, бас тарту белгісімен қайтарылды. Кейбіреулер бюджет қаражаты туралы жазады, спортшыға бәрі төленеді деп ойлайды. Түсіндірейін: 2021 жылдың маусымынан бері осы маусымға дайындыққа бір тиын да бөлінген жоқ. Спортшының дайындығы толықтай өз қаражатымызбен, мемлекет қатысуынсыз жүргізілді.

Спортшы Алматы қаласының Жоғары спорт шеберлігі мектебінен стипендия алады, ол тек тамақ пен автобус жолақысына әрең жетеді. Жаттығу процесі спортшының, жаттықтырушының және ата-анасының таза ынтасымен жүріп жатыр. Фигуралы сырғанаудағы кейбір функционерлердің спортшы мен оның жаттықтырушысына деген көзқарасы көңілге қаяу түсіреді.

Дегенмен жаттықтырушы мен спортшы күн сайын бар күшін салып еңбек етуде. Қаржыландырудың қайда кетіп жатқанын көпшілік өзі де түсінеді деп ойлаймын, бірақ спортшыға ештеңе жетпейді. Сұрақтарыңыз болса, жазыңыздар. Нақты дерекке сүйеніңіздер, қауесетке емес».

Еске салайық, 14 ақпанда Михаил Шайдоров Италияда өткен Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий