"Демалсын, олар да адам": Демалып отырған тазалықшыларды видеоға түсірген әйел жұрттың сынына қалды

24.08.2026 09:49 Мөлдір ҚАЙНАР
122
Фото: видеодан скриншот

Алматы қаласының Майлин көшесінде коммуналдық қызметкерлердің үзіліс кезінде тынығып отырғанын видеоға түсіріп, шағымданған тұрғынның әрекеті желіде қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Кадрдан тазалық жүргізіп, тынығуға отырған жұмысшыларға автордың реніш білдіргенін көруге болады. Алайда әлеуметтік желі қолданушылары жұмысшыларға араша түсіп, бейнежазба авторын рұқсатсыз түсіргені және ауыр еңбек иелеріне құрметсіздік танытқаны үшін қатаң айыптады.

Желі қолданушылары тазалықшылардың таңғы сағат 5-тен бастап ауа райының кез келген қолайсыздығында, ыстықта тынбай еңбек ететінін алға тартып, олардың заңды түрде демалуға толық құқығы бар екенін жеткізді.

"Олар ауа райына қарамастан таңғы 5-6-дан бастап жұмыс істейді, олар да біреудің отбасы, олар – адам", "Дұрыс тамақтанатын жері де, дәретханаға баратын орны да жоқ, 10-15 минут демалып алса, оның несі айып?", "Бұл адамның қызметкерлерді видеоға түсіруге қандай құқығы бар? Автордың өзін қоғамдық жұмысқа жіберу керек", "Көк шөптің үстінде демалып отырғандарды емес, қоқыс шашатындарды жазалайықшы", – деп жазды тұрғындар.

Сонымен қатар қала тұрғындары "Алматы Тазалық" қызметкерлерінің еңбекақысы мардымсыз екенін еске салып, жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындарды күнделікті ауыр еңбек иелеріне су, тамақ және басқа да қажет заттармен қолдау көрсетуге шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий